Негізгі Жаңалықтар Архив қызметін онлайн алуға болады

Архив қызметін онлайн алуға болады

Облыста архивтен қажетті анықтама, құжат көшірмесі немесе үзінді алу үшін мекемеге барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік қызметті электронды үкімет порталы арқылы қашықтан рәсімдеуге болады. Архив құжаттары еңбек өтілін, жалақы мен марапаттар туралы мәліметтерді растауға, сондай-ақ зейнетақы, әлеуметтік төлемдер мен мұрагерлік мәселелерін рәсімдеуге қажет.

Қызмет жеке және заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі. Онлайн өтінішті электрондық цифрлық қолтаңба немесе мобильді азаматтар базасына тіркелген жағдайда SMS-пароль арқылы растауға болады. Дайын нәтиже азаматтың жеке кабинетіне жіберіледі. 2026 жылғы 24 қыркүйектегі мәлімет бойынша, облыстың мемлекеттік архивтері 17 мыңнан астам қызмет көрсеткен. Оның 40 пайызы, яғни 6 мың 930 өтініш электронды түрде қабылданған.

Алмагүл Шаитова, Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:

Архив қызметінің негізгі міндеті – құжаттарды сақтап қана қоймай, азаматтарға қажетті ақпаратты белгіленген мерзімде әрі ыңғайлы жолмен ұсыну. Бүгінде архивтік анықтаманы мемлекеттік архивке бармай-ақ, электронды форматта онлайн тапсырыс беруге болады. Бұл әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын және еліміздің өзге өңірлерінде жүрген азаматтарға тиімді. 

Өтінішті қарау мерзімі 11 жұмыс күні. Қажет болған жағдайда, заңнамаға сәйкес, бұл мерзім тағы 30 күнтізбелік күнге ұзартылуы мүмкін. Осы орайда мамандар қажетті құжатты керек еткен жандарға тіпті архивте сақталмаған жағдайдың өзінде де қажетті жерге бағыт-бағдар беретінін жеткізді. 

Алмагүл Шаитова, Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы басшысы орынбасарының м.а.:

Егер сұралған құжат архивте сақталмаса, мамандар бұл туралы азаматқа ресми жауап береді. Ал құжаттың қай мекемеде сақталғаны белгілі болса, сол жерге жүгіну жөнінде бағыт-бағдар көрсетіледі. Архив қызметкерлері үшін ең маңыздысы – азаматтың нақты жауап алып, одан әрі қайда және қалай жүгіну керегін білуі. Тіпті жауап теріс болған жағдайда да, мамандар келесі қадамды түсіндіреді. 

Бүгінде облыс архивтеріндегі материалдардың 15 пайызы цифрлық форматқа көшірілген. Бұл 1 миллион 631 мың 825 құжат. Цифрландыру азаматтардың қажетті ақпаратты іздеп, алуын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу