Негізгі Жаңалықтар «Таза Қазақстан» акциясы аясында көшеттер отырғызылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында көшеттер отырғызылды

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Зайсан ауданынан жеткізілген көшеттер Өскемендегі екі әлеуметтік нысанның аумағына отырғызылды. Шырша мен терек көшеттері №40 мектеп пен «Үміт» балаларды қолдау орталығының ауласын көркейте түспек. Игі бастамаға мектеп түлектері, ұстаздар мен мекеме қызметкерлері қатысты. 

Көшеттер арнайы Зайсан ауданынан жеткізілді. Оларды отырғызуға мектеп түлектері, мекеме қызметкерлері және аудан әкімдігінің өкілдері атсалысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акция аумақтарды абаттандырумен ғана шектелмейді. Бұл – жас ұрпаққа табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызын түсіндіруге мүмкіндік беретін игі бастама.

Зумрад Дүйсенбаева, Зайсан ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

Қазір міне біз №40 өткен жылы пайдалануға берілген мектепке ауласына Зайсан ауданынан тарту ретінде Мемлекет басшысы Қ.Кемелұлының Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы аясында шырша көшеттерін алып келдік және қазақстандық әдемі теректердің көшеттерін алып келдік. 

№40 мектеп үшін бұл акция қазіргі оқушылар мен мектеп түлектерін бір ортақ іске біріктірген игі бастама болды.

Әсем Чамакаева, Өскемен қ. ББ № 40 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:

Мектебіміздің ауласында оқушылармен, түлектермен бірге шыршалар отырғызамыз. Бұл біз үшін өте-үлкен бір іс-шара себебі оқушылардың бойында табиғатқа деген экологиялық мәдениетті қалыптастыру. 

Жас шыршалар «Үміт» орталығының аумағына да отырғызылды. Енді ағаштарды мекеме қызметкерлері мен тәрбиеленушілері күтіп-баптайтын болады.

Сәуле Әлімбаева, «Үміт» арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары:

Шырша деген ең әдемі ағаштардың бірі, ең сұлу ағаштардың бірі. Шырша өзіме сондай ұнайды. Табиғатты аялап, қадірлеп оны өсіріп, қорғау біздің міндетіміз. Бұл шыршаны отырғызғаннан кейін бәріміз оны суарып өсіреміз. 

Бұл бастама ағаш отырғызумен аяқталмайды. Енді көшеттердің күтіміне ерекше көңіл бөлінбек.

Аяулым Усинова

Бөлісу