«TourEast ALTAI KZ» фестивалі
Облыс орталығында Дүниежүзілік туризм күніне орай «TourEast ALTAI KZ» фестивалі өтті. Мерекелік шараға Ресей, Қытай және Моңғолиядан келген делегациялар қатысты. Шетелдік қонақтарға Шығыс Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылып, өңірдегі саяхат бағыттары мен демалыс орындары туралы ақпарат берілді. Сондай-ақ қатысушылар аймақтың табиғи және мәдени нысандарымен танысуға мүмкіндік алды.
Қонақтар туристік ақпараттық орталыққа барып, Шығыс Қазақстанның туристтік мүмкіндіктерімен танысты. Мұндай кездесулер шетелдік қонақтарға өңірдің әлеуеті туралы кеңірек мағлұмат алуға мүмкіндік беріп, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жол ашады.
Николай Халин, Алтай өлкесі ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
Мақсатымыз – туристік ағындармен өзара алмасу және Қазақстан, Қытай, Моңғолия, Ресеймен бірлескен туристік өнімдер әзірлеу. Сонымен қатар туризмді дамытумен қатар жүретін маңызды бағыттың бірі – гастрономиялық туризм. Ал гастрономиялық бағыт – ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік бағдарламаларын жетілдіру деген сөз. Үлкен Алтай құрамына кіретін барлық өңір үшін бұл бағыттың маңызы зор. Сондықтан гастрономиялық туризмді дамытуға ерекше мән беріп отырмыз.
Туристтер арасында Алтайдың табиғаты ерекше қызығушылық тудырады. Қонақтар этносаябақта ағаш отырғызу жұмысына қатысып, этноауылға да барды. Мұнда түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдарын таныстырды.
Фестиваль барысында өңірдің туроператорлары, демалыс базалары, қонақүйлері мен пантотерапия орталықтары өздерінің өнімдері мен бағдарламаларын таныстырды. Қатысушылар Шығыс Қазақстанда қазір қолжетімді туристік бағыттар туралы айтып, орналастыру, демалыс және сауықтыру мүмкіндіктерін көрсетті. Сонымен қатар өңірдің табиғи және мәдени көрікті жерлеріне арналған маршруттар ұсынылды.
Ирина Смит, ШҚО туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Шетелдік қонақтарға өңірдің туристік әлеуетін таныстыра алғанымызға қуаныштымыз. Іс-шараларға 16 елдің өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Біздің ортақ үйіміз – Алтай» үйлестіру кеңесінің мүшелері және Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткен халықаралық инженерлік алаңның қатысушылары бар. Шара аясында туроператорлар мен туристік бизнес өкілдері өз мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар жергілікті өндірушілердің өнімдері ұсынылған жәрмеңке ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлері мен ісмерлер де өз бұйымдарын паш етті.
Шара барысында Шығыс Қазақстанның туристік саласына үлес қосып жүрген үздіктер марапатталды. Олардың қатарында туризм саласындағы үздік блогер атанған Сымбат Рамазанов та бар.
Сымбат Рамазанов, ШҚО Кәсіпкерлер палатасы туризм кеңесінің төрағасы:
Бүгін «Шығыс Қазақстан облысының туризм саласындағы үздік блогер» деген марапатқа ие болып жатырмын. Үлкен алғыс айтқым келеді. Мен енді влог саласында жүргеніме екі жарым жылдай болды. Қазақстанның, Шығыс Қазақстанның туристтік нысандары жайында ақпарат таратамын. Оған қалай баруға болады, қай жерде демалу керектігі жайында айтамын. Шығыс Қазақстан тек қана Қазақстанның ішінде ғана емес, сонымен қатар шетелге таныстырып жүрміз. Бүгінгі іс-шара да өте ауқымды, жоғарғы деңгейде өтіп жатыр. Әсіресе ҚХР-нан келген, Моңғолиядан келген азаматтар бар. Сондықтан мен ойлаймын мұндай іс-шаралар біздің кәсіп саласында жүрген туризм мамандарын біріктіріп, ары қарай дамуға ждаңа белестер, жаңа мүмкіндіктер ашылады деп.
«TourEast ALTAI KZ» фестивалі туристік сала өкілдерін, шетелдік қонақтар мен өңір тұрғындарын бір алаңға жинады. Қатысушылар Шығыс Қазақстанның туристік бағыттары туралы ақпарат алып, түрлі белсенді демалыс түрлерімен танысты. Сондай-ақ ұлттық дәстүр мен қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Бекарыс Энгельс