Облыс аумағында мемлекеттік діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, конфессияаралық келісімді нығайтуда бірқатар шара атқарылған. Бұл туралы облыстық Дін істері басқармасының басшысы Жанат Мекеева брифингте айтты. Басқарма Дін саласындағы заңнама нормаларын бақылау, облыс аумағында мемлекеттік конфессияаралық қатынастардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру, сонымен қатар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша қызмет етеді. Әсіресе, интернет кеңістікте алауыздық тудырмау жайын назарға алған.
Облыс аумағында 12 конфессияны қамтитын 152 діни бірлестік тіркелген. 148 ғибадат ету ғимараттары жұмыс істейді. Әрқайсының маңызы мен мәні зор. Сонымен қатар діни ғимараттардан тыс жерлерде діни шаралар өткізуге арналған 20 үй-жай, 15 намазхана, 15 часовня бар. Барлық жер, талап пен ережеге сай.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қосымша 5 теолог жұмылдырылған. Жалпы, жыл басынан бері дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен 21 мыңнан астам адам қамтылды. Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерді және түзеу мекемелеріндегілерді оңалту бойынша да жұмыс тоқтаған емес. Баспаханадан шыққан еңбектер де қатаң назарда.
Ғаламтор арқылы келетін қауіп те аз емес. Осы жылдың басынан бері интернет кеңістікте діни экстремизм мен терроризм белгілері бар 3 мыңнан астам материал анықталып, бұғатталған.