Облыс аумағында мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны 1 қыркүйектен басталды. Азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру талабына сәйкес, жергілікті салалық департаментке іріктеу жұмыстарын жүргізу жүктелген. Жуырда Өскеменнен әскерге аттанған 20 сарбаз Зайсан және Күршім аудандарының Шекара қызметі сапында борышын өтейді.

Мерзімді әскерге шақырту алған сарбаздардың барлығы психологиялық, кәсіби және медициналық тексерістен өткен. Сарбаздарды бір жылдық сапарға шығарып салуға жиналған туған-туыстары ел ертеңі болар ерлерге ақ баталарын берді. Мәселен, Гаухар Бақытбекқызы өзінің отбасымен бірге ұлын әскерге шығарып салу үшін Астана қаласынан аранайы келген.

Гаухар Бақытбекқызы, ата-ана:

Бүгін міне біздің отпасымызда керемет қуанышты күн болып жатыр. Өзім Астана қаласының тұрғынымын. Ұлым Әбілмансұр Ұлан өз шешімімен өз отанын сүйіп, әскерге кетіп бара жатыр. Әкесі екеуміз өз шешімін қолдап өз борыншын өтеуге жіберіп жатырмыз. Келешекте ойлаймын осы әскери мектеп жақсы тәрбие тәртіп береді деп.

Өңірде жауапкершілік пен қатаң тәртіпке үйреніп, егемен елдің тыныштығын күзетуге бел буған жастардың қатары қалың. Отан алдындағы парызымды өтесем деген болашақ сарбаздар ел жастарын әскери міндетті өтеуге шақыруда.

Әбілмансұр Ұлан, әскерге шақырылушы:

Өз еркіммен отан алдындағы борышымды өтеуге Зайсан шекара қызметіне аттандым. Отан алдындағы борышын өтеу әр ер азаматтың міндеті. Негізі қазиетті парызы деп білеміз. Отан алдындағы борышымызды абыройлы өтеуге ант етеміз.

Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған сарбаздар үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Мәселен, жоғары оқу орындарында тегін білім алу, сынды жағдайлар қарастырылған.

Жұмахан Абильбеков, ҚР ҰҚК ШҚ ШҚО бойынша Департаменті тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстар басқармасының бастығы:

Бүгін біз ҚР ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелерін жасақтау үшін әскерге шақырылғандардың кезекті тобын шығарып салудамыз. Келесі құрылатын бөлімшелер – Зайсан аудандық және Күршім аудандық шекара басқармалары. Екі бөлімшені толық жасақтау үшін жалпы 500-ден астам азамат әскерге шақырылмақ. Бүгінгі күнге дейін 138 сарбаз аттанды. Қалғаны кезең-кезеңімен жіберіледі. Бүгін 20 сарбаз атанды.

Күзгі әскери шақырылым аясында облыстың 800-ге жуық азаматы психологиялық, кәсіби және медициналық тексерістен өткізілмек. Бұл науқан жыл соңына дейін жалғасады.

Нұртас Қайролдаев