Өңірде Ұлттық отбасы күні қарсаңында ерекше мазмұнға ие кездесу өтті. «Берік отбасы – мықты мемлекет кепілі» атты жиынға мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар мен дәрігерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, кәсіпкерлер және ата-аналар қатысты. Мақсат – отбасының қоғамдағы орнын айқындап, жас ұрпақ тәрбиесіне тың серпін беру.
Әр жанұя – шағын мемлекет, оның беріктігі елдің тұтастығына үлес қосады. Ұлттық мерекеге орай ұйымдастырылған басқосуда отбасылық құндылықтардың қоғам үшін мәні ерекше екені аталып өтті. «Жанұя» орталығының басшысы Мәруа Ғайсина жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтап, отбасы – махаббат пен мейірімнің ошағы, ұрпақтар сабақтастығының алтын діңгегі екенін айтты. Жиында сөз алғандар отбасы бірлігін сақтау мен оны жан-жақты қолдаудың маңызына тоқталды.
Мәруа Ғайсина, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры:
Ұлттық отбасы күніне орай орталығымызда отбасылармен кездесу ұйымдастырып, оларға осы отбасыларда туындап жатқан қиын жағдайларда қандай көмек алуға болады, мемлекет тарапынан қандай көмек болады. Жалпы, қиын жағдайдан қалай шығуға болатыны туралы әңгіме тарқатып, осы жерде мәселелерді көтергелі отырмыз.
Жиынға қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру жайында ой қозғады. Тәртіп сақшылары заңнамаға енгізілген өзгерістермен таныстырып, оның маңызын түсіндірді. Ал дәрігерлер қауымы жасөспірімдердің денсаулығы мен психологиялық тұрақтылығы жайлы пікір білдірді.
Мадина Әуренова, «DEMEY» оңалту және түзету орталығының директоры:
Бұл шара мен үшін қиын-қыстау жағдайда қалған отбасылардың. Осы жағдайдан шығуға мүмкіндіктердің болатындығын айтып өту. Мүмкіндіктерге жол сілтеу. Өзімнің басымнан өткен тәжірибеммен алмасу. Шараның ұйымдастырылуы арқылы біз бірқатар ой түйіп, отбасыларымызға деген құнды дүниелерді жинақтауға мүмкіндігіміз болғалы отыр.
Шара аясында кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сағатын өткізді. Қатысушылар әр әйел – отбасының тірегі, ал бірліктің күші – қоғамның берекесі екенін атап өтті. Дөңгелек үстел соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Талант Тұрсынов