Аймақтың басты арнасы «ALTAI» телеарнасының жұмысымен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов танысты. Қалам ұстаған қауыммен, шығармашылық топпен емен-жарқын сөйлесіп, олардың еңбегін жоғары бағалады. 70 жылға жуық тарихы бар телеарна - қазақ телевизиясында алғаш көрерменге жол тартқан екі студияның бірі. Өңір басшысы арнаның ақпарат айдынындағы орны ерекше екенін атап өтті.
Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген сөзі бүгінгі күні де өзекті. Ақпарат майданы қайнаған заманда «ALTAI» телеарнасы ресми әрі сенімді дерек көзіне айналды. Жедел жаңалық, жинақы дерек - арнаның басты қағидасы. 1958 жылы алғаш рет эфирге шыққан телеарна бүгінде облыс тұрғындарының 96 пайызын қамтып отыр. Осы тұста өңір басшысы облыстық телеарнаға арнайы келіп, техникалық әлеуетімен танысты. Заманауи камералар мен дрондар, жаңа медиаға арналған арнайы бөлімнің жұмысын көрді. Әкім шығармашылық топтың ізденісін қолдайтынын айтты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Осы облысымызда Президентіміздің қандай реформалары, тапсырмалары қалай орындалып жатыр, қай бағытта келе жатыр, соның бәрін жеткізіп тұратын облысымыздың әлеуметік саяси дамуына өзіндік үлес қосып жүрсіздер. Сіздерге үлкен шығармашылық табыс тілейміз. Бізде өзіміздің қолдан келгенше қолдаймыз, қорғаймыз, бірлесіп жұмыс жасап біз көпшілікке қызмет етуіміз керек.
Бекарыс Секен