12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. Осы атаулы күнге орай еліміздің 19 қаласында бір мезетте бұрын-соңды болмаған, ауқымды «JARQYRA» атты республикалық кастинг бастау алды. Тың жоба – дарынды жастарға қанат бітіріп, отандық кино әлеміне жол ашуды мақсат етеді.
Қазақстанның 19 қаласында бір мезгілде ұйымдастырылған бұл шара мәдениет мекемелерінде өтті. Әр аймақтан келген үміткерлердің жүрегінде – үлкен арман, ал жүздерінде – толқу мен үміттің ізі бар. Жобаға 18 жастан асқан кез келген азамат қатыса алады. Іріктеуден өткендер ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының арнайы актерлік базасына енгізіліп, болашақта түрлі киножобаларға қатысу құқығын иеленеді.
Ерназар Махамбеталиев, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының актері:
Бұл драма театрынан жалғыз өзім емес, жұбайыммен келіп отырмын. Енді, қазақ елінің осы киноиндустриясына арнайы үлес қосайық деп, бүгінгі жобаны қолдайық деп жарқын «JARQYRA» керемет осындай жоба қарастырылып жатыр екен. Жас буын, орта буын, үлкен буындардың барлығын шақырып жатыр. Енді бүгін кастинг өте керемет өтті. Өте тамаша. Ішіміздегі бар қабілетімізді, талантымызды көрсетіп, Құдай қаласа өтеміз деген үміттеміз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «JARQYRA» жай ғана кастинг емес, үлкен үміттің алаңы. Себебі, қазақ киносының тарихында танымал актерлердің көпшілігі дәл осындай іріктеуден өтіп, үлкен экранға жол тапқан. Олардың қатарында халықаралық деңгейде мойындалған Самал Еслямова, қалың көрерменнің сүйіктісіне айналған Гузель Жан мен Марат Әбішев сынды есімдер бар. Жоба – дәл осындай жаңа жұлдыздардың жануына себеп болмақ.
Жансая Ашкенова, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың қызметкері:
Бүгінгі өтіп жатқан «JARQYRA» деп аталатын республикалық кастинг. Бұл бүкіл Республика көлемінде өтіп жатыр. Бұл Қазақ киносының күніне арналып өтіп жатыр. Енді негізгі жобаның мақсаты – жастарды қолдау.
Нұргүл Орынбаева, Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының актрисасы:
Бүгін міне арнайы шақыртумен осы кастингқа келіп қалдық. Бұл кастингта еш шектеу жоқ. Осы киноға түскісі келетін барша, жүрек қалауында актер, актриса болғысы келетін жандарды бүгін кастингқа шақырып жатыр екен.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы соңғы жылдары жаңа есімдерді танытып, қазақ киносының дамуына тың серпін беріп келеді. Жаңа жобалардың табысы – отандық киноға деген сұраныстың жоғары екендігін көрсетті. Ал «JARQYRA» сол сұранысты толықтырып, жаңа жұлдыздарды кино әлеміне жетелейтін алаң болмақ.
Талант Тұрсынов