Өскеменде «Мерейлі отбасы-2025» Ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды. Бұл бүкіл елдегі отбасыларды біріктірген бірегей жоба. Биыл аймақ бойынша сайысқа ынтымағы жарасқан, еңбегімен еленген 154 шаңырақ қатысты.
Өнегелі отбасының іргесі өзара сыйластық пен ынтымақ болған жерде берік болмақ. Бұл – Марқакөл ауданынан келген Жақыповтар әулетінің басты қағидасы. Отбасының шаңырақ көтергеніне 42 жыл. Бүгінде олар 6 перзентті тәрбиелеп, олардан немере сүйіп отыр. Елге сыйлы, үлгілі жанұя биылғы “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауында облыста үздік деп танылды.
Жанат Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысы бойынша жеңімпаз:
13 немерем бар. Бәрі тату – тәтті, бәрі семья. Оларға тек қана түзу заңмен жүріп түзу, ұрлық істемей, өтірік айтпай ылғи еңбекте алда көрініп, жақсы жүргенін тілеймін. Солай айтқанымның бәрі орындалып келеді. орындалды деп айтамын. 65 жас өмірімді бақытты деп санаймын. Бәрін жақсы көремін, бәрін сыйлаймыз.
Ал, Ұландық Сембаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде екінші орынға табан тіреді. Татулық пен тәрбиенің ордасына айналған шаңырақ – жас отбасыларға үлгі. Отағасы Алмас Сембаев – спорт саласының үздігі, қазақ күресінен Қазақстан, Азия чемпионатының қола жүлдегері. Ал жары Малика Мүкәрәм – ұлағатты ұстаз.
Малика Мүкәрәм, Ұлан ауданы бойынша жеңімпаз:
Бүгінгі екінші орынға өте қуаныштымыз. Осы Мерейлі отбасы конкурсына ұсынған өзі әкімшілік болатын бізді. Менің белсенділігімді мектепте көріп, жолдасым бұрыннан Ұлан ауданына еңбегі сіңген қазір де сіңіп жатыр. Осының бәрін бағалап елеп ескеріп отырған әкімшілікке рахмет, алғысымызды айтамыз. Өзіміздің отбасымызға да рахмет айтамын. Үлгілі отбасы болып саналамыз, үш бала тәрбиелеп отырмыз.
Үшінші орынды Өскемендік Қалиғажиновтар әулеті иеленді. Дәстүрлі шараға өңірге қарасты аудан-қалаларда үздік атанған 13 отбасы шақырылды.
Ерлан Нұршабаев, Зайсан ауданы бойынша жеңімпаз:
Осы Мерейлі отбасына бірінші жылы қатысып, Зайсан ауданының әкімшілігіне көп мыңда бір рахмет. Осындай мерей тойларымыз жылда бола берсін.
Тұнық Джансеитова, Риддер қ. бойынша жеңімпаз:
Біз Риддер қаласынан келіп тұрмыз. Бізде отбасымызда 3 баламыз бар. Біздің отбасымызға биыл 15 жыл болып жатыр. Қазір отбасы жастар ажырасу көп болып жатыр. Сондықтан осындай Мерейлі отбасы сияқты бағдарламалар дами берсін. Осылай отбасы құндылықтарын нығайта берейік. Жоғары көтере берейік.
Отбасы құндылықтарын дәріптейтін жоба 2013 жылы басталған. Өңір тұрғындары үшін бұл дәстүрлі, көптен күткен мереке. Шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов арнайы келіп, жеңімпаздарды марапаттап, отбасы күнімен құттықтады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Отбасы институты мен құндылықтарын дәріптеу де ұлтымыздың әлеуетін арттыруда біздің «Мерейлі отбасы» бірегей жобасының үлесі айрықша. Осы орайда өңірдегі әрбір отбасы қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтуға үлкен маңызды рөл атқарып отырғанын айтқым келеді. Біздің облысымызда адал еңбегімен үлгілі өздерінің өмірімен көпке өнеге болып жүрген отбасылар аз емес. Мерейлі мерекеде отбасыларыңызға амандық, ынтымақ, татулық тілеймін.
Арнайы жасақталған комиссия өкілдері үміткерлерді отбасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы рөлі мен жетістіктері сынды көрсеткіштерге сүйене отырып бағалаған. Жүзден жүйрік танылған үлгілі отбасы енді Астанада өтетін байқаудың ақтық сынында өнер көрсетеді.
Гүлдана Айдарқызы