Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында ел үкіметі алдына маңызды стратегиялық міндет қойды. «Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық мемлекетке айналуы тиіс», деді. Жасанды интеллектті экономиканың барлық саласына енгізу қажеттігін алға тартты. Президенттің бұл тапсырмасын өңір жастары қолдап, жасанды интеллектінің маңызы жайында өз ойларымен бөлісті.

Жолдауда жаңа министрлік құру, цифрлық кодекс қабылдау және білім беру жүйесіне озық технологияларды енгізу бастамалары айтылды. Жастарды инновацияға баулу, ғылым мен кәсіпкерлікті қолдау - негізгі басымдық ретінде белгіленді. Өңір жастары бұл бастамаларды қолдап, жасанды интеллекттің ел болашағындағы маңызын атап өтті.

Жігер Сәрсенбай, С. Аманжолов атындағы ШҚУ студенті:

Жолдау бойынша көптеген маңызды мәселелер айтылды. Жыл көлемінде атқарылған және болашақта жүзеге асырылуы тиіс іс-әрекеттер баяндалды. Баса назар аударатынымыз - ең бастысы, бұл жолдауда жасанды интеллект тақырыбы кеңінен қозғалды. Қазіргі таңда Қазақстанда қосымша Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы ұсыныс айтылды. Мен бұл ұсынысты қолдаймын. Себебі қазіргі заманда әлемде жасанды интеллекттің әсері өте жоғары деңгейде. Жасанды интеллект және энергетика саласы біздің мемелекетіміздің алдағы уақыттағы болашағындағы негізгі фундамент деп айтсақ болады.

Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді дамыту - экономиканың сапалы өсуі мен жастардың әлеуетін арттыруға жол ашады.

Кәусар Идаятқызы