Өңірде өндірілетін жасыл қарақұмық күншығыс еліне экспортталады. Шығыс Қазақстан облысы – қарақұмық өсіруде республика бойынша төртінші орында.Өткен жылы өңірде 7 мың гектардан астам аумаққа қарақұмық егілді. Орташа өнімділік гектарына 13 центнерден асып түсті. Биыл егіс көлемі қысқарғанымен, өнімділік жоғары. Егістің басым бөлігі Глубокое, Шемонаиха және Ұлан аудандарына тиесілі.
Жасыл қарақұмық дегенміз, қоңырқай қауызы аршылған қарақұмықтың тап-таза түрі. Жылуды сүйетін дақылға аса қатты күтім қажет емес.Тек ауа райы қолайлы болса болғаны. Сол себепті шаруалар оны мамырдың соңында ғана себеді. Жапырақтары қурап болған соң бастырылады. Осылайша сапалы өнім алынады.
Анатолий Фролов, агроном:
Қарақұмықты өсірудің өзіндік ерекшелігі бар. Өсімдік төменгі бөлігінен бастап піседі: астыңғы жағында дәндері толық пісіп тұрғанда, жоғарғы бөлігі әлі гүлдейді. Уақыты келгенде төменгі дәндер төгіліп кетпес үшін дер кезінде ору қажет.
Алқаптан жиналған дақыл алдымен қамбаға жеткізіледі. Мұнда дәндер кептіріліп, уақытша сақталады.Температура мен ылғалдылық қатаң бақыланады. Зауыттағы ең күрделі әрі жауапты жұмыс – өңдеу кезеңі. Дән қауызынан тазартылып, бірнеше сатылы технологиядан өтеді. Өз ісінің әккі маманы Ақжол Сабиолдин кәсіпорындағы ең жауапты қызметте. Бас технолог монитор арқылы барлық кезеңді мұқият бақылауда ұстайды.
Ақжол Сабиолдин, кәсіпорын қызметкері:
Фотосепаратор деген аппарат бар. зауыттағы ең қымбат аппарат. Ол гречканы сортқа бөледі. Ішіндегі кетіп қалған қоқыстарды 3600 камерасы арқылы көріп, үрлеп жіберіп отырады. Ары қарай пропаркаға барады. Ол 4-8, 4-5 атмосферамен автоматты түрде қойылған баптаулары.
Осылайша, құрылғыға түскен қарақұмық 19 рет тазалау процесінен өтеді. Қатаң бақылаудан өткен өнім ғана экспортқа жөнелтіледі.
Ержан Амангелдинов, кәсіпорынның техникалық директоры:
Зауыт 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір 21 қызметкер бар. Негізгі бағыт – экспорт. Өнім Балтық жағалауындағы елдерге, Жапонияға және Азия елдеріне жіберіледі. Ай сайын 1440 тонна қарақұмық өңдеуден өтеді, соның мың тоннасы – шетелге жөнелтіледі. Биылдан бастап отандық нарыққа да шыға бастадық. Алдағы уақытта шағын қаптамадағы өнімді көбейтіп, ішкі сұранысты қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз.
Мамандардың айтуынша, жасыл қарақұмыққа сұраныс Қазақстанда да артып келеді. Табиғи дәрумендер мен минералдарға бай бұл өнім – салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін таптырмас тағам.
Қымбат Иманғали