Риддер қаласында өткен арнайы жиында санитарлық тазалық мәселесі талқыланды. Қала әкімі құқық қорғау органдары мен әкімшілік бөлімдерінің жетекшілерімен бірге тұрмыстық қалдықтарды шығару, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және тәртіпті күшейту бағыттарын қарастырды.

Жиында басты назар қала көшелерінің тазалығына аударылды. Әкімдік пен құқық қорғау органдарының өкілдері қызметке тартылмаған, қадағалауға алынған азаматтарды қоғамдық жұмысқа жұмылдырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, арнайы учаскелерді бөліп, көше-көшені қоқыстан арылту жоспары жасалды. Қала тұрғындарының тұрмыс жайлылығы мен күнделікті өмір сапасы ең алдымен таза ортаға байланысты. Сондықтан әрбір риддерліктің санасында «тазалық — тәртіптің айнасы» деген ұғым орнығуы тиіс.

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:

Бүгін міне бізде құқық қорғау органдары осындай ұсыныспен шықты. Қоғамдық жұмысқа өкім шыққан азаматтар қалада осы тазалыққа байланысты жұмыстар істесін деген. Толығымен оны біз қолдаймыз. Бүгін міне депутаттармен бірге, халықпен бірге кездесіп, халықтың пікірлерін біліп, көзқарастары қалай екен , олардың тыңдап, осындай бір шешімге келдік. Енді сол кісілеріміз қаламызда тазалыққа байланысты ждұмыстарды істейтін болады.

Жиында мобильді топтар құру мәселесі де қозғалды. Оған «Эталон» ЖШС қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және қоғам белсенділері тартылды. Олар үйлерді аралап, тұрмыстық қалдықтар үшін төлем жасамайтын тұрғындарды анықтайды.

Арман Қдырғалиев, Риддер қаласының прокуроры:

Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі тек тазартуға тиіс орындарды анықтап қана қоймай, жұмысқа тартылған азаматтардың шынында да еңбек етіп жатқанын бақылайды. Бұл – тәртіпті күшейтуге бағытталған тәсіл.

Қаланың әрбір ауласы мен көшесінің таза болуы — Риддер тұрғындарының мәдениеті мен жауапкершілігінің көрінісі. Жергілікті билік пен қоғам өкілдері күш біріктіргенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болады.

Талант Тұрсынов