Әлеуметтік сала – мемлекет дамуының тірегі. Соның ішінде денсаулық сақтау жүйесі – елдің өмір сапасы мен қоғам тұрақтылығын айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Бүгін салалық басқарма өкілдері өткізген брифингте медицина саласында атқарылған жұмыстар мен тың жобалар жөнінде сөз қозғалды. Мамандардың мәліметіне сәйкес, биыл аймақта ана өлімі тіркелмеген. Бұл – ана мен балаға көрсетілген қамқорлықтың нәтижесі.
Аймақтағы денсаулық сақтау жүйесінде 10 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етуде. Оның 3 мыңға жуығы дәрігер, 7 мыңнан астамы орта буынды мамандар. Биыл тағы 36 жас дәрігер жұмыспен қамтылды. Дегенмен, кадр тапшылығы әлі де өзекті. Ауылдық елдімекендер мен облыс орталығына 153 дәрігер қажет.
Мадина Мырзабекова, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
2025 жылы медициналық көмектің сапасын арттыру және жаңа жоғары технологиялық әдістерді енгізу мақсатында 72 маман шетелде білімін жетілдірді. Олар акушерлік, онкология, кардиология, хирургия, гастроэнтерология, шұғыл медицина, рентгенология, ЖИТС, менеджмент және фтизиопульмонология бағыттары бойынша оқудан өтіп келді.
Өткен жылы өңір халқы артқанымен, жыл басында табиғи төмендеу байқалып, халық саны 357 адамға азайған. Бұған туу деңгейінің төмендеуі мен жастардың ауылдан қалаға және өзге аймақтарға көшуі әсер еткен.
Мадина Мырзабекова, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Өңірде ана өлімі тіркелмегені – біздің ең үлкен жетістігіміздің бірі. Ал сәби өлімі көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеді, Бұл – жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бүгінде ана мен бала денсаулығын қорғауға басымдық беріліп отыр. Соның бір дәлелі – Ана мен бала орталығының 6 қабатты перзентханасы қайта жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін толықтай аяқталса, босануға жағдай жасайтын заманауи әрі қауіпсіз орталық болмақ.
Бұдан бөлек, биыл 5 млрд теңгеге 230-дан астам техника жаңартылып, Ана мен бала орталығы жаңғыртылды. Риддерде 200 орындық аурухана, Өскеменде Гематология орталығы салынып, ауылдарда 35 жаңа нысан бой көтерді.
Нұртас Қайролдаев