Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында туризм саласын дамытудың жаңа бағытын айқындады. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіби мамандар даярлау және туристерді жыл он екі ай үздіксіз қабылдауға қолайлы жағдай қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің туристік әлеуетін арттыруға басымдық берілді. Әсіресе Алматы өңірінің табиғи байлығы мен тау-шаңғы курорттары ерекше аталды. Осы ретте туризмді халықаралық деңгейде таныту үшін заманауи инфрақұрылым мен сапалы сервисті дамыту қажеттігі айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау туризмі мен тау шаңғысы туризміне арнайы тоқталғым келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы ең өзекті мәселе – заманауи инфрақұрылым салу. Егер осы міндетті ойдағыдай орындасақ, еліміздің курорттары жер жүзіне танылып, Қазақстанның бетке ұстар ұлттық бренді болмақ.

Жолдауда айқындалған тағы бір міндет - білікті кадрларды даярлау. Мемлекет басшысы кәсіби мамандардың тапшылығы саланың бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отырғанын атап өтті. Сондықтан өңірлерде студенттерді оқыту, тәжірибеден өткізу және қызметкерлердің біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Сымбат Рамазанов, облыстық кәсіпкерлер палатасының туризм кеңесінің төрағасы:

Катонқарағай мен Зайсан салынып жатқан әуежайларлың ішкі туризмді дамуына өте септігін тигізеді. Аймақтағы ЖОО туризм саласындағы маман даярлау мәселесіне өте жіті бақылауға алу керек.

Туризмді дамыту - ел экономикасына серпін беретін стратегиялық бағыт. Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау арқылы еліміз халықаралық деңгейде танымал туристік орталыққа айнала алады. Бұл жолда инфрақұрылымды жетілдіру, сапалы сервистерді қалыптастыру және кәсіби кадрларды даярлау басты назарда болмақ.

Бекарыс Секен