Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында еліміздің болашағы үшін маңызды басымдықтарды айқындады. Мемлекет басшысының айтуынша, басты міндет – Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл – баршаға ортақ мақсат, азаматтық әрі патриоттық парыз.
Президенттің айтуынша, реформалар жан-жақты ойластырылып, сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Соңғы жылдары саяси жүйе ашықтыққа бет бұрды. Азаматтардың санасы жаңарып, мемлекеттік институттарға деген сенім нығая түсті. Қоғамда заңдылық пен әділеттілік қағидаттары орнығып келеді. Дегенмен, ел алдында әлі де ауқымды міндеттер тұр. Солардың ішінде ең әуелі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға басымдық берілмек.
Дана Қайсанова, №3 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі:
Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа жолдауын тыңдадық. Сол жолдауда Қазақстан дамуындағы басты талаптар, басымдылық қойылған цифрландыру және де жасанды интеллектті дамыту бағытын көңіліме жақын тарттым. Және де білім саласына, әлеуметтік жағдайға көңіл бөлгені жүрегіме жылу сыйлады.