Өңірде жыл басынан бері жеке тұрғын секторында 388 өрт тіркелді. Салдарынан 14 адам көз жұмды. Өрттен қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмен, дегенмен төтенше жағдай әлі де азаймай тұр.
Жылыту маусымының алдында төтенше жағдай қызметкерлері жергілікті басқару органдарымен, полиция, әлеуметтік қорғау және еріктілермен бірге әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін аралады. 2700-ден астам үй тізімге ілігіп, бүгінге дейін 1642 баспана иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 355 үйде 400-ден астам өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы анықталды: пештердегі жарықтар, бітелген мұржалар, істен шыққан электр желілері және қызатын құралдардың қасында жанғыш заттарды сақтау деректері жиі кездеседі. Өздігінен олқылықтарды жөндей алмайтын отбасыларға жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен көмек көрсетілді. 14 үйде пешт пен мұржа ретке келтірілді.
Нұржан Өміржанов, Облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы:
Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі айлығы шеңберінде осы тізімдегі мұқтаж немесе көп балалы үйлерде жергілікті атқарушы органдардың көмегімен 14 бұзушылық толығымен жойылған. ЖАО газ анықтайтын датчиктарды орнату бойынша көмек жұмыстары өткізілді. Зайсан, Катон-Қарағай, Ұлан аудандары бойынша 575 осындай датчиктар алынып қойылған.
Улы газдың азаматтарға төндіретін қаупі жоғары.Сондықтан құтқарушылар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйлеріне арнайы дабылқаққыштар орнатып жатыр. Бұл жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Қазір осындай үйлердің 86 пайызы құрылғылармен жабдықталған, жалпы саны – 17 мыңнан асады. Бұл дабылқаққыштардың арқасында 42 адам, оның ішінде 31 бала дер кезінде құтқарылды. Соған қарамастан, биыл өңірде 21 адамға иіс тиіп, екеуі көз жұмған. Мамандар тұрғындарға пеш пен мұржаны қысқа алдын ала дайындап, маусым бойы тазалап отыруға кеңес береді.
Қымбат Иманғали