2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізіледі. Құжат жеке тұлғалардың табысына салынатын салық жүйесіне, салықтық шегерімдерге және берешекті өндіріп алу тәртібіне өзгерістер әкеледі. Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Жаңа кодекстегі басты жаңалық - прогрессивті салық шкаласы. Енді жылдық табысы 33 млн теңгеге дейінгі азаматтар 10 пайыздық мөлшерлемемен салық төлейді. Кіріс көлемі одан асқандар үшін 15 пайыздық мөлшерлеме белгіленді. Ал, айына 140 мың теңгеге дейін табыс табатын азаматтар табыс салығынан босатылады. Бұдан бөлек 1 қазаннан кейін мүлік салығын төлемегендерге ескертулер жолданады. Егер берешек уақытында өтелмесе, салық органдары өндіріп алу шараларын қолданады.
Сайранқан Қабыш, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары:
Бүгінгі күннің тағы бір өзекті мәселесі – 2025 жылдың 1 қазанында аяқталатын 2024 жылға арналған жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімінің жақындауы.Жеке тұлғалардың мүлік салығы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен анықталған мүлік объектілерінің құны мен меншік құқығындағы иелену мерзімі негізінде есептеледі. Салық автоматты түрде есептеліп, 2025 жылғы маусым айында меншік иелеріне 2024 жылға салық сомасы хабарланған. Ақпарат екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары, e-Salyq Azamat, eGov mobile арқылы push-хабарламалар ретінде жіберілді.
Жаңа Салық кодексінде төлемді кейінге қалдыру мен бөліп төлеу тәртібі жеңілдетілді. Бұған дейін мұндай мүмкіндік тек мүлікті кепілге қою немесе банк кепілдігін алу арқылы жүзеге асатын. Енді уәкілетті орган белгіленген талаптарға сай келетін салық төлеушілерге бұл жеңілдік кепілсіз беріледі.
Азамат Жакиянов, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаментінің Берешектермен жұмыс басқармасының басшысы:
2026 жылдан бастап салықты төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу жеңілдейді. Бұған дейін міндетті түрде мүлікті кепілге қою немесе банк кепілдігін алу талап етілетін. Енді белгілі бір шарттарға сай келетін кәсіпкерлер мен азаматтарға мұндай талапсыз-ақ бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Мысалы, еңбек өтілі бар қызметкерлерге, салық төлеушілерге жеңілдік жасалады. Сондай-ақ, өнім өндіруге арналған импорттық шикізатқа қосылған құн салығын төлеуді кейінге қалдыруға болады. Қарызды бірден өтеу мерзімі - 6 айдан аспайды, ал бөліп төлеу жоспары 36 айға дейін кезең-кезеңмен төленуі мүмкін.
Осылайша, жаңа Салық кодексі азаматтардың жүктемесін азайтып, бизнеске қолайлы жағдай жасауға, ал мемлекет үшін берешекті өндіру тетіктерін жүйелеуге мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, құжаттың басты мақсаты - салық төлеуді барынша ыңғайлы ету.
Бекарыс Секен