Аймақта «Чемпиондық рух» жобасы жалғасуда. Бұл жолы чемпиондар өңірдегі отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барып, жас өрендермен жаттығу жасады. Жобаның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортшылардың еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы беделін арттыру.

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылында бүгінде 60-қа жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Мұнда олардың спортпен шұғылданып, жан-жақты дамуына бар жағдай жасалған.

Күльчан Қыстаубаева, Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы директорының орынбасары:

Біздің балалар аулына «AMANAT» партиясының өкілдері келіп, спорттық шара ұйымдастырып жатыр. Спорттық шарамен біздің балалар айналысады. Қаладағы әр түрлі спорттық комплекстерге барып, үйренеді. Біздің балаларға осы отбасы үлгісіндегі балалар аулында балаларға жағдай жақсы жасалған. Спорт жағынан болсын, басқа да іс шаралар бізде жиі өтіп тұрады.

Кездесу аясында спортшылар балалармен бірге таңертеңгілік жаттығу жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Александр Милейко, бокстан спорт шебері:

Біз - салауатты ұлттың қалыптасып, ұрпағымыздың дені сау болғанын қалаймыз. Сол себепті балалар үшін игі іс атқаруды жөн көрдік. Олардың спортпен шұғылданып, мүмкіндігінше түрлі жарыстарға қатысуына жағдай жасағымыз келеді. Бақытымызға орай, балалар ауылында оған барлық мүмкіндік бар: спорт және футбол алаңдары, түрлі үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді.

Шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ ұйымдастырды. Жастарды спортқа баулу мақсатында өткен басқосуда балаларға сый-сияпат жасалды.

Қорлан Туғамбаева, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ төрағасы:

«Чемпиондық рух» жобасы тек қана жаттығу емес, бұл сонымен қатар түрлі форматта өткізілетін спорттық іс-шара. Алдағы уақытта да бұл жоба облыс көлемінде өзінің жалғасын табады. Түрлі форматтарда чемпиондармен кездесу, таңғы жаттығулар, түрлі эстафеталық ойындар, түрлі спорттық сайыстарды ұйымдастыру арқылы міндетті түрде жалғастыратын боламыз.

Салауатты өмір салтын насихаттайтын шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Кәусар Идаятқызы