Риддерге іс-сапармен барған өңір басшысы Ермек Көшербаев ЖЭО-ның жөндеу жұмыстарымен танысты. Биыл мұндағы жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 8 млрд теңге бөлінген. Мамандар жөндеу жұмыстарын жылыту маусымына дейін аяқтайтындарына сенімді.
Өткен жылы болған келеңсіздіктерден кейін Риддер қаласындағы ЖЭО-да күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Биыл мұнда қазандықтар мен қосалқы жабдықтарды, қыздыру беттерін, экономайзерлерді және су жылытқыштарды жөндеу жоспарда.
Қазіргі таңда 55 учаске бойынша 18,9 шақырым жылу құбыры жөнделген.
Тозығы жеткен орталық 70 жылға дейін күрделі жөндеу көрмей жұмыс істеді. Енді биылғы жылыту маусымына дейін жөндеу жұмыстары сәтті аяқталса, құбырлар алдын ала тексеріс жұмыстарынан өтпек. Жөндеу жұмыстарын жүргізуде адам жеткілікті, тапшылық жоқ, дейді мамандар.
Бөлінген қаржыға тек жылыту орталығы ғана емес ескі құбыр да ауыстырылады. Айта кетейік, Риддер қаласында 10 мамырдан бастап ыстық су беру тоқтатылды. Жөндеу жұмыстары сәтімен аяқталған соң ыстық су қосылатын болады, дейді жауаптылар.