Шығыс Қазақстан облысы әкімінің «Sympho-Rock» симфониялық оркестрінің қайырымдылық концерті өтті. Ертіс концерт сахнасында Queen, Scorpions, Виктор Цой, БИ-2, Земфираның және тағы басқа әйгілі әншілердің туындылары орындалды. Билеттен түскен қаражат су тасқынынан зардап шеккен ағайындарға көмек ретінде жұмсалады.

Рок музыканы сүйіп тыңдайтын көрермен Ертіс концерт залына жиналды. Келген халықтың қарасы қалың. Дирижер Александр Галсанов пен Александр Адамовтың жетекшілігімен «Sympho-Rock» эксклюзивті концерті көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.

Жүргізуші Азат Дәуітбеков пен Юлия Шандуро да концертке тыңғылықты дайындықпен келген. Киімдері рок стиліне сай. Жүргізушілер концерттің көркін қыздырған музыканттар мен көңілді көрермендердің ықыласы ерекше әсер сыйлады деген пікірде.

Танымал композицияларды X Factor Kazakhstan 10-шы мерейтойлық маусымының финалисі Әсем Рыспаева, облыстық филармонияның солистері Жанат Бисімбаев, Ботагөз Жұмабекова, вокалистер Фарид Исмаилов пен Роман Хохлов орындады. Сондай-ақ, шарада Өскемендік «Субкультура» тобы мен Алматыдан келген қонақтар – «Меломан Авиа» тобы өнер көрсетті.