Негізгі Жаңалықтар Балабақшаның жылу жүйесі жаңартылды

Балабақшаның жылу жүйесі жаңартылды

Марқакөл ауданындағы балабақшада биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның аясында жылу жүйесі толық жаңартылып, ескірген қондырғылар заманауи жабдықтарға ауыстырылды. Нәтижесінде ғимараттағы жылу тұрақталып, бүлдіршіндер мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасалды.

1989 жылы мектептің қосалқы корпусы ретінде бой көтерген бұл нысан 2005 жылдан бастап балабақша ретінде жұмыс істеп келеді. Бүгінде мұнда 95 балаға орын қарастырылған. Төрт топ жұмыс істейді. Бүлдіршіндер қазақ тілінде тәрбиеленіп, білім алады. 

Салтанат Беркутова, Марқакөл ауылының балабақша меңгерушісі:

Балаларға арналып салынбаған ғимарат болғандықтан, музыка залы, дене шынықтыруға арналған жеке бөлме және педагогтердің жұмыс істеуіне арналған кабинеттер жоқ. Бұл, әрине, жұмысымызды ұйымдастыруда белгілі бір қиындықтар туғызады. Дегенмен, медициналық кабинетіміз бар. Балаларға арналған ойын, санитарлық-тұрмыстық және жатын бөлмелер де қажетті жақсы жағдай жасалған. 

Мұнда балалардың жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған. Бүлдіршіндер түрлі даму бағытындағы сабақтарға, мерекелік және танымдық шараларға белсенді қатысатын болады.  

Самал Тюлемисова, Марқакөл ауылының балабақша тәрбиешісі:

Биылғы оқу жылында балаларымыз мектепке дайындалады. Көптеген еңбектер күтіп тұр бізді. Ертеңгіліктеріміз бар, көптеген балалармен жұмыс. Соған өзімізге, әріптестерімізге сәттілік тілеймін! 

Балабақша табалдырығын алғаш аттаған балалар үшін бұл – жаңа ортаға бейімделу кезеңі. Бірі тез үйреніссе, енді бірі үшін уақыт қажет. Сондықтан, тәрбиешілер әр балаға жеке көңіл бөліп, түрлі ойындар мен қызықты сабақтар арқылы ортаға бейімдеуге тырысады. Бұл ретте баланың күнделікті уақытын өткізетін ғимараттың жайлы болғаны да маңызды. Осыған байланысты биылғы жөндеу жұмыстарының негізгі бағыты – жылу жүйесін жаңарту.

Салтанат Беркутова, Марқакөл ауылының балабақша меңгерушісі:

Біздің балабақшамызға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол жылу жүйесі толығымен ауыстырылып, заманауи жабдықтар орнатылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жақсы болып кетті. 

Алдағы уақытта балабақшаға мамандар да қажет. Қазір тәрбиеші және музыка жетекшісі қызметтеріне бос жұмыс орындары бар. Жас мамандар үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылған. Оның ішінде қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында берілетін көтерме төлемдер де бар.

Фатима Тілейханқызы

Бөлісу