Шахматтан турнир өтті
Өскеменде мемлекеттік қызметшілер арасында «GOVERNMENT CHESS CUP 2026» шахмат турнирінің іріктеу кезеңі өтті. Жарысқа облыстың түрлі қалалары мен аудандарынан келген мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жиналғандар өздерінің жоғары деңгейдегі дайындығын, стратегиялық ойлау қабілетін және жеңіске деген жігерін көрсетті.
Шахмат тақтасында өңірдің мемлекеттік қызметшілері бас қосты. Күнделікті қызметін бір сәтке ысырып қойған қатысушылар бұл жолы зияткерлік додада бақ сынады. Әр жүріс есеппен жасалып, әр партияда келесі кезеңге жолдама үшін тартыс қыза түсті. Жарыс барысында қатысушылар шахматтағы шеберліктерін ғана емес, ұтқыр ойлау және шешім қабылдау қабілеттерін де көрсетті. Әр ойын жеңіске деген жігер мен жоғары дайындықты талап етті.
Гульфия Берекполова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ШҚОФ аға оқытушысы:
Мемлекеттік қызметшілер арасында шахмат турнирі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жалпы, шахмат турнирі Академия базасында 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл турнир ауқымын кеңейтіп, тамыз айынан қыркүйекке дейін Академияның барлық филиалдарында осындай іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Қатысушылар үшін турнир шахмат тақтасындағы шеберлігін сынап қана қоймай, күнделікті қызметте қажет дағдыларын шыңдауға мүмкіндік берді. Себебі шахматта әр жүрісті алдын ала саралап, дұрыс шешім қабылдау маңызды. Бұл қабілеттер мемлекеттік қызметте де аса қажет. Сондықтан зияткерлік ойын қызмет барысында туындайтын түрлі жағдайларды тиімді шешуге қажетті ойлау машығын жетілдіруге ықпал етеді.
Қайрат Мейрембеков, ШҚО аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы:
Шахмат —қызықты ойын. Себебі шахмат ойнау барысында стратегиялық тұрғыдан ойлауға үйренесің. Ойынның өзінде тактикалық тәсілдер көп және оның адамға, әсіресе мемлекеттік қызметшіге берері мол.
Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жеңімпаз команда анықталады. Ол республикалық шахмат турнирінде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайды. Жарыстың республикалық кезеңі Астана қаласында өтеді. Аяулым Усинова