Негізгі Жаңалықтар Облыс әкімі тұрғындармен кездесті

Облыс әкімі тұрғындармен кездесті

Жеті айдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамиканы сақтап отыр. Халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы шамамен 15 пайызға өсіп, 283 мың теңгеге жетсе, орташа айлық жалақы 9 пайызға артып, 444 мың теңгеден асты. Жыл басынан бері облыста 11 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 8 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Ал, Глубокое ауданының алдағы бес жылға арналған даму жоспары бекітілген. 2026-2030 жылдарды қамтитын құжат жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамыту арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындарымен кездесті. 

Аудан экономикасының негізгі тірегі – өнеркәсіп. Қазір мұнда жалпы құны 33 жарым миллиард теңгені құрайтын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, өзекті мәселенің бірі – жол және инженерлік инфрақұрылым. Биыл 9 елді мекендегі автомобиль жолдарын жөндеуге және төрт көпірді қалпына келтіруге қаржы бөлінді. Ауыл шаруашылығында да ауданның әлеуеті жоғары. Жеті айда мұнда 16 жарым миллиард теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Глубокое ауданы облыста өсімдік шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша көш бастап тұр. Кездесуде туризмді дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Глубокое ауданы тау, экологиялық, отбасылық және спорттық туризм үшін қолайлы өңір саналады. Қазір Таулы Үлбі мен Быструха ауылдарында туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Аймақ басшысы инвестициялық бастамаларды жан-жақты қолдап, туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды тапсырды. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы біздің артықшылықтарымызды пайдалана отырып, туристік әлеуетті дамытуымыз керек. Екінші жағынан, біз өзіміздің өндірісімізді, ауылшаруашылығымызды ұмытпауымыз керек. Ауылшаруашылық бойынша жақсы жұмыстар жүріп жатыр. 
Бөлісу