«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы іске асырылып жатыр
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы облыстағы ауылдық елді мекендердің келбетін жаңартып, тұрғындардың баспана мәселесін шешуде. Марқакөл ауданында бой көтеріп жатқан жаңа үйлер жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, ауылдарға жаңа отбасыларды тартуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама аясындағы құрылыс жұмыстары елді мекендердің әлеуметтік және экономикалық дамуына да серпін беруде.
Биыл Марқакөл ауданы бойынша «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 24 пәтер, яғни 12 үй салу жоспарланған. Бағдарлама бойынша тұрғын үйлерді бөлу тәртібі де өзгерді. Енді үміткерлер алдымен өтінім беріп, кейін олардың құжаттары мен мәліметтері тексеріледі.
Самат Сүлейменов, Марқакөл ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
Бұл тұрғын үйлер Марқакөл ауданында алты ауылдық елдімекенінде соның ішінде, Марқакөл ауылы, Қарой, Қайнарлы ауылдары, Шеңгелді, Игілік ауылдары, Қазақстан, Төсқайың ауылдарында салынып жатыр.
Мамандардың айтуынша, бұған дейін тұрғын үйлер аудан бойынша кезекте тұрған азаматтардың барлығына ортақ тәртіппен бөлінсе, қазір өтінімді үй салынып жатқан елді мекенде тұратын азамат қана бере алады. Мәселен, Қайнарлы ауылында бағдарлама аясында екі үй салынды. Қазіргі уақытта аталған үйлерді тұрғындарға бөлуге дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Ерлан Оралқанов, Қайнарлы ауылының тұрғыны:
Ауылымызда қуаныш той үйткені ауылымызда жаңа мектеп салынып, бүгін ашылу рәсімі болды. Жан-жақтан қонақтар келіп, осындай жақсылыққа кенеліп жатырмыз. Шекаралық аудандарды дамыту мақсатында салынып жатқан жаңа қоныс жаңа үйдің ішінде тұрмыз. Сырты іші бәрі өздеріңіз көріп отырғандай бәрі уақытылы бітіп, сапалы құрылыс болды. Енді ішіне кіретін адамдарға құтты қоныс болсын дегіміз келеді.
Салынған үйлердің іші жарық әрі бөлмелері кең. Қазір құрылыс жұмыстары толық аяқталып, бөлмелерге әрлеу жұмыстары жүргізілген, ал санитарлық тораптар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Баспанға электр желісі тартылып, бу арқылы жылыту жүйесі де қарастырылған. Яғни қолайлы өмір сүруге қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Осындай жаңа баспанаға үміткерлердің бірі Фурхат Мақсұтов. Ол отбасымен бірге Жамбыл облысының Мерке ауылынан Қайнарлыға көшіп келген.
Фурхат Мақсұтов, Жамбыл облысынан қоныс аударушы:
Алты бала-шағам бар әйелім бар. Әйелім екуімізге осы жерден жұмыс берді қарлығаш әпкеміз. Бұйырса осы жаңа үйдің біреуін алсақпа деп отырмыз енді ниетіміз бар. Құжаттардың бәрін тапсырып қойдық. Ауыл жақсы, өкінбейміз енді көшіп келгенімізге.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы өңірдің барлық аумағында жүзеге асырылуда. Жаңа үйлер аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде бой көтеріп, отбасыларға жайлы өмір сүруге жағдай жасауда. Бұл өз кезегінде ауылдық аумақтардың одан әрі дамуына да мүмкіндік береді.
Нұрдәулет Қалибеков