Негізгі Жаңалықтар Тазы - ұлт мақтанышы

Тазы - ұлт мақтанышы

Қазақ халқының жеті қазынасының бірі - тазы. Бұл тұқым қазақ халқының ұлттық мұрасының символы әрі ел мақтанышы. Ғасырлардан жеткен дәстүрді көзінің қарашығындай сақтап, тазы тұқымын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан жанашыр жандардың арқасында бүгінде қазақ тазысын елімізден тыс жерлерде де жақсы біледі. Қазақстан қазақ тазысының шыққан елі әрі осы тұқымның ресми иесі ретінде танылды. Ал бүгін елімізде алғаш рет Қазақ тазысы күні аталып өтті. Бұл — ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, атадан балаға мирас болған төл тұқымдарымызды дәріптеуге бағытталған маңызды мереке.

Иә, қазақта тазының түрлері көп. Бүгінде оны дәріптеп, қазірге дейін ұлттық құндылық ретінде тәрбилеп отырған жандар шығыстада аз емес. Солардың бірі Асылы Нажитбан. Оның жануарларға деген ерекше ықыласы бала кезінен қалыптасқан. Уақыт өте келе Асылының жануарларға деген сүйіспеншілігі үлкен қызығушылыққа ұласып, бүгінде бос уақытын иттерді баптауға арнайды. Оның асырап отырған тазысының есімі Базаралы. Екі жастағы бұл тазының есімі де ерекше. Себебі жануардың аты, атақты Ақан серінің сенімді серігі болған Базаралы атты тазысының құрметіне қойған.

Асылы Нажитбан, Бозанбай ауылының тұрғыны:

Тазылар адамдардан да таза болып келеді, олар ішкен асын таза жейді, ешқандай бөтен иттерге жүгірмейді. Иттерді сезіп тұрады ұнамайма ұнайма дегендей. Салбуырында итімді жарыстырып дайындап, бірінші орын алған болатынмын.

Асылы Нажитбанның отбасында үш ит бар. Соның бірі Көкжал. Ол Асылының нағашысы, бүркітші Бағжан Маркске тиесілі. Олар қазақ халқының аңшылық өнерінің ежелгі дәстүрлерін саятшылықты, құсбегілікті және тазымен аң аулауды аялап сақтап, кейінгі ұрпаққа жалғастырып келеді. Нажитбан әулеті үшін тазы халықтың тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Тазыны халқымыздың ежелден «Дала желі» деп атауы да бекер емес. Оның шапшаңдығы мен төзімділігі осы ерекше тұқымның басты қасиеттерінің бірі.

Бағжан Маркс, бүркітші:

Қазіргі таңда жастардың қызығушылығы өте жоғары тазы итке деген, оны ұстап мысалы біз бір ашық сабақтарға барсақ қатты қызығып соның жаныныда фотоға түсіп, сондай жағдай болып жатады. Өзіміздің ауылымызда осы менде бір ұрғашы тазы болды содан сегіз күшік болды сол сегіз күішікті сегіз бауырыма тартып бердім. Соның қазір сегізі де бар сол жастар қызығып, солар айналысып жүр. 

Қазақ тазысын ұлықтайтын күні Бозанбай орта мектебінің оқушылары да Нажитбан әулетінің шаңырағына арнайы келді. Балалар үшін бұл кездесу қазақи құндылықты дәріптеп, ұлттық кодқа деген қызығушылықтарын оятуға үлкен септігін тигізді.

Нұрбағым Қапақ, оқушы:

Мен мына тазыларға қызығамын, себебі жаңағы айтқандай тазы адамдарды қаппайды, олардың тағы басқа да ерекшелігі көп. Ол адамның досы болып саналады. 

Бүгінде тазы елімізден тыс жерлерде де кеңінен танылып, жоғары бағаланып келеді. Ол адалдықтың, еркіндіктің және адам мен ата-баба мұрасын жалғастыратын үзілмес байланыстың символы болып қала береді.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу