Согра ЖЭО-ның жылыту маусымына дайындығы 81,3 пайызға жетті
Өскемендегі Согра жылу электр орталығының алдағы жылыту маусымына дайындығы 81,3 пайызға жетті. Жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Нысанның қысқы кезеңге әзірлігін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы барып тексерді.
Биыл жылу электр орталығында негізгі жабдықтарды жөндеуге басымдық берілген. №1 және №2 қазандық агрегаттары орташа жөндеуден өтті. №1 турбоагрегат пен екі байланыс трансформаторына күрделі жөндеу жүргізілді. Қазір №3 қазандық агрегатындағы күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оның орындалу деңгейі 50,3 пайыз. Ал №2 турбоагрегатты жөндеу 5-30 қыркүйек аралығында жүргізіледі. Бүгінде нысанда тоғыз мердігер ұйымның 75 қызметкері екі ауысыммен еңбек етуде.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біз аталған жобаларға барынша қолдау көрсететін боламыз. Негізгі міндет – жөндеу науқанын уақтылы аяқтап, қажетті отын қорын қалыптастыру және ЖЭО жабдықтарының қысқы жүктемеге толық дайын болуын қамтамасыз ету. Жұмыс қарқынын күшейту қажет.
Жылу орталығының қоймаларында қазір 77 мың тоннадан астам көмір бар. Бұл шамамен 69 тәулікке жетеді. Сонымен қатар 482 тонна мазут қоры жинақталған. Жыл басынан бері жоспарланған 305 мың тонна көмірдің 236 мың тоннадан астамы жеткізілген.
Нұрлан Рамазанов, «Согра ЖЭО» ЖШС директоры:
Үш қазандықтың екеуі 100 пайыз дайындалды. 3-ші қазандықта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Дайындығы 50 пайыз. Барлық материалдар, қосымша құралдардың барлығы станцияғас келген. Алдын-ала көктем айларында келіп қойған. Қазір ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстары ғана жүріп жатыр.
Согра ЖЭО-ның қысқы кезеңге дайындығын арнайы комиссия бағалайды. Комиссия жұмысы 10 қыркүйекке дейін аяқталып, одан кейін жылыту маусымына дайындық паспорты үшін уәкілетті органға өтінім жолданады.
Аяулым Усинова