Қазақы тазы күні
Биылдан бастап 3 қыркүйек — қазақы тазы күні ретінде аталып өтеді. Бұл атаулы күн ұлттық ит тұқымын дәріптеп, ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық дәстүрін насихаттауға бағытталған. Қазақы тазыны күтіп-баптап, оның құндылығын сақтап жүрген жандардың бірі — тазы баптаушы Бағлан Байтиков. Ол бұл кәсіпті бала кезінен көріп, үйреніп, бүгінде өзі жалғастырып әрі насихаттап келеді.
Қазақ даласында тазы ұстау тек аңшылықпен шектелмеген. Бұл — ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан саятшылық мәдениетінің бір бөлігі. Бүгінде осы дәстүрді жалғастырып, ұлттық ит тұқымын баптап жүрген жандардың қатарында Бағлан Байтиков та бар.
Бағлан Байтиков, тазы баптаушы:
Өзім Алмасай ауылынанмын, Ұлан ауданы. Бізде ауылда ақсақалдарымыз көп ит ұстады. Үлкен ағаларымыз көп ит жүгіртті. Сол ағаларымыз көп ит жүгіртті. Сол кісілермен бала кезімізден еріп жүрдік.
Тазыны аңға қосу үшін оның жүйріктігі ғана жеткіліксіз. Иттің бабын келтіру, денсаулығын күту, маусымға сай дайындау да ерекше мәнге ие. Мұндай тәжірибе қазақтың саятшылық дәстүрінде қалыптасқан өзіндік тәсілдермен сабақтас.
Бағлан Байтиков, тазы баптаушы:
Өзіміздің кезімізде желтоқсанда ақсақалдар аңға шыққанды тоқтататын. Өйткені қыналайды, күшіктейтін болады. Содан күзге дейін байлап қояды. Байлап қояды да, дайындайды оларды. Оясын түсіреді күздің күні. Майтабандарын, аяқтарын тұзды суға салып, сонда майтабан болмайды, ақсамайды.
Қазақы тазының мәртебесін көтеруге арналған күннің ұлттық құндылық тұрғысынан ерекше мәні бар. 3 қыркүйек — қазақы тазыны дәріптеп, оны сақтаудың және кейінгі буынға танытудың бағасы туралы тағы бір мәрте еске салатын күн.
Бағлан Байтиков, тазы баптаушы:
Президентімізге рахмет осы күнді қолдап, осы күнді істеткен кісі. Енді барлық тазы ұстайтын ағаларымыз, аталарымыз, бауырларымыздың бәрін құттықтаймын тазылар күнімен.
Тазыға қатысты дәстүрдің жалғасуы — ұлттық мұраның сақталуының бір көрінісі. Ал оны күтіп-баптап, көпшілікке таныту ісі қазақы тазы баптау мәдениетінің болашағына жол ашады.
Бекарыс Энгельс