Ауылдағы инфрақұрылымдық ахуалды жақсарту жұмыстарының бірі жол жөндеу. Мұндай игі іс Күршім ауданындағы Маралды ауылында жақсы қолға алынды. Елді мекеннің көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Ауылішілік жолдың үш шақырымы жөнделіп біткен. Аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен абаттандыру, жарықтандыру, ауыз су тарту жұмыстары қолға алынған.

Маралдыны бірқатар оң өзгеріс күтіп тұр. Аталмыш елді мекен мен аудан орталығын байланыстыратын 75 шақырым жолдың 12,5 шақырымында ғана асфальт болған. Биыл жол жылы аясында тағы 15 шақырымын жөндеу жоспарда бар. Алда ауылда балалар ойнайтын алаңқай жаңартылып, футбол алаңы салынбақ. Көшелерді жарықтандыру мәселесі де шет қалмайды. Ауылдық округ әкімі Бауыржан Сейілхановтың айтуынша, аталмыш жұмыстарға тиісті қаражат бөлінген. Енді жоспарға сай, халық игілігі үшін әрекет ету ғана қалды.

400-ден астам тұрғыны бар Маралды ауылында атқарылатын игі істер бұнымен шектелмейді. Аудан әкімінің жекелей тапсырмасымен ауылдағы аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналарға орталықтандырылған су жүйесі тегін тартылып жатыр. Бүгінде белгіленген он үйдің сегізіне су құбыры кірген. Ауылды өркендету жұмыстарына елді мекендегі тұрғындар дән риза.

Ауылдық округ су тасқынының алдын-алу жұмыстарына да тыңғылықты дайындалған. Тасқынға тосқын болу үшін Маралды, Күршім өзенінің бойында арнайы бөгеттер салынған.

Жалпы, Маралды ауылдық округінің әлеуметтік әлеуеті жаман емес. Алда ауылда егістік көлемі де ұлғаймақ. Омарта шаруашылығын дамыту да жоспарда бар.