Қордаланған қоғамдық көлік мәселесі шешімін тапты. Бұған дейін Риддер қаласының тұрғындары бірнеше мәрте әкімдіктен қоғамдық көліктердің санын көбейтуді сұраған еді. Облыс әкімі Ермек Көшербаев азаматтардың талап-тілегін орындап, Риддер қаласының автопаркі жаңа 25 қоғамдық көлікпен толықты.

Қоғамдық көлік мәселесі қашанда өзекті. Бір жыл бұрын Риддер қаласынын тұрғыны Татьяна Морозова өңір басшысына қоғамдық көліктегі бірқатар мәселелердің барын айтқан еді. Ондағы басты мәселе - автобустардың жетіспеушілігі. Бүгінде бұл түйін оң шешімін тапқанына қала тұрғындары риза.

Қоғамдық көліктер заман талабына сай жасалған. Онда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де арнайы баспалдақтар бар. Қоғамдық көліктердің сыйымдылығы шамамен 80 адам. Қазақстандық автобустар Семей қаласында құрастырылған.

Қоғамдық көлік жүргізушісі Илья Зорин автопарктің жаңа автобустармен толыққанына риза. Өйткені, жол үстінде жүргеніне 20 жылдан астам уақыт болған. Бұл оның ең алғашқы жаңа автобусы.

Қазір қала ішінде 14 ескі автобус тұрғындарды тасымалдап жүр. Енді олардың қатарына 25 жаңа автобус қосылып, жалпы саны 39 болды. Бұл автобустар барлық бағытты қамтуға толығымен жетеді, дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Сондай-ақ, аймақ басшысы тұрғындардың сұрауымен орталық көшелерде орындықтарды орнату бойынша жергілікті атқарушы органдарға тапсырма берді.