Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру туралы Үкіметке тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы елдегі мектептерде орын тапшылығы мәселесін шешу және білім беру сапасын арттыру мақсатында заманауи стандарттарға сай мектептер салуды міндеттеген еді. Осы жоба аясында ШҚО бойынша жеті мектептің құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде бес мектептің құрылысы толық аяқталып, ішкі жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Биыл жаңа оқу жылында бұл білім ошақтары балғындарға есігін айқара ашпақ.
Тимофеев көшесінде орналасқан жаңа мектепте 38 оқу кабинеті, кітапхана, кең әрі заманауи асхана, толық жабдықталған спорт және акт залдары бар. Мектеп ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделген. Елдің болашағы балғындар үшін жасалып жатқан мұндай бастамаларға ата-аналар да дән риза.
Жалпы, Өскемен қаласы бойынша екі мектеп, Глубокое ауданы Белоусовка кентінде бір мектеп, Шемонаиха ауданы мен Риддер қаласында бір-бір мектептің құрылысы толығымен аяқталған. Ал, қалған Есенберлин даңғылындағы мектеп пен Опытное поле ауылындағы мектептің құрылыс жұмыстары әлі жүргізілуде.
Мектепте балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген. Төтенше жағдайлар мен өрт кезінде хабарлау үшін заманауи жүйе түрі орнатылған. Мұнда екі шығу есіктерінде қашықтан басқару пульттері және турникеттер де бар. Мектептің аумағына 52 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды тасымалдауға арналған лифт қарастырылған.
Жаңа ғимаратта тігін шеберханалары, хореография бөлмесі бар. Кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына коворкинг алаңдары да қарастырылған. Барлық бастама келешек ұрпақты білімді, білікті, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуге бағытталған.