Аймақ басшысы Ермек Көшербаевтің төрағалығымен облыстық әкімдіктің кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған жоспарлар айтылды. Жыл көлемінде игерілетін өңір бюджеті талқыланып, биыл аталып өтілетін мерейтойлық даталар сөз болды. Бұдан бөлек, облыс әкімі Ермек Көшербаев аудан әкімдерінен атқарылған жұмыстар бойынша есеп алып, бірқатар міндет жүктеді.

Кеңейтілген кеңестің күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Соның бірі –аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші. Облыс әкімі Ермек Көшербаев өңірдегі экономикалық өсімді қамтамасыз ету, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру – басты міндет екенін айтты. Ал өңірдің экономикалық әлеуетіне жауапты басқарма өкілдері өткен жылы ауқымды жұмыс атқарылғанын жеткізді.

Ал, үкімет резервінен аймаққа бөлінген бюджеттің 19,2 млрд. теңгесі толық көлемде игерілген. Оның ішінде Риддер ЖЭО жөндеуге - 7,4 млрд. теңге бөлінсе, 4 млрд. теңге – Гематология орталығының құрылысына, Марқакөл мен Катонқарағай ауданындағы әкімшілік ғимараттарды күрделі жөндеуге 3,8 млрд. теңге жұмсалды. Бұдан бөлек, медициналық пунктер салуға 3,8 млрд. теңге берілген.

Биыл елде 3 маңызды мерейлі дата аталып өтеді. Жеңістің 80 жылдығы, Ата Заң мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Атаулы мерекелерге орай биыл облыста 128 шара өткізілмек. Атқарылатын жұмыстардың ішіндегі ең маңыздылары – ескерткіштер мен монументтерді қалпына келтіріп, абаттандыру. Облыс бойынша мемлекеттік тізімге енгізілген 18 ескерткіш бар. Оның ішінде үшеуі толық жөндеуді қажет етеді.

Облыс әкімі Ермек Көшербаев аймақтағы турзим саласын дамыту ісін қолға алуды тапсырды. Бұл бағытта әлеуеті жоғары аймақ – Риддер. Сондықтан, Өскемен мен Риддер арасындағы жолды 40 шақырымға дейін қысқарту керек. Аймақ басшысы осындай ұсыныс білдіріп, туристік әлеуеті жоғары жерлерде келушілерге қолайлы жағдай жасау керектігін айтты.

Жиын соңында облыс әкімі Ермек Көшербаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бірқатар тапсырма беріп, оны уақытында орындауды тапсырды.