Ауа райының бірде жылып, бірде сууы салдарынан көше көк мұзға айналған. Қар жауып, мұз бетін жапқанмен жол үсті тайғақ. Бір адым шалыс бассаңыз, жазатайым құлап, жарақат алуыңыз әбден мүмкін. Ал, травматолог дәрігерлер жыл басталғалы қалада көктайғақ салдарынан екі мыңнан астам адам зардап шеккенін айтады.
Травматологиялық пунктерде жұмыс қызу. Соңғы күндері тайғақтан мертігіп травматология бөлімшелеріне жүгінгендер саны артқан. Тәулігіне бөлімшеге тоқсанға жуық адам келіп, медициналық көмек алатын көрінеді.
Көбінесе адамдар қол, аяқ сүйектерін сындырып, буынның шығуы, көгеру сияқты жарақаттар алады. Бірі жеңіл тұрып кетіп жатса, кейбіріне ауыр операция жасалады. Қала тұрғыны Аяужан Сейтказина да тайғақтан мертігіп, ота залынан бірақ шыққан.
Жыл көктемі келмей, қыс өктемі басылмайды. Осы ретте сала мамандары мейлінше сақ болуды ескертеді. Егер, құлап жарақат алсаңыз, дер кезінде дәрігерге қаралған абзал.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ауа температурасы өзгермейді. Әлі де қар мен көктайғақ күтіледі. Демек, жарақат алу қаупі де сейілген жоқ. Сондықтан, мамандар далада жүргенде әрбір қадамды аңдап басып, абай болуға шақырады.