28-шағын аудандағы жарық мәселесі 15 күн ішінде шешімін таппақ. Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов осы аудан тұрғындарымен кездесуі барысында мәлімдеді. Әкім тұрғын үйдің сапасына шағым айтқандардың баспанасын аралап, жағдайларымен жеке танысты.

Облыс орталығының басшысы базынасын айтқан жұртшылықпен кездесіп, шағымдарына құлақ түрді. Түйткілі шешілмеген мәселе көп. Кездесу барысында Шығыс кентіндегі №33 мектепке балаларын апаратын ата-аналар жаяу жүргіншілерге арналған жол салуды сұрады. Жауапты сала мамандары мұндай мүмкіндік бар екенін айтып, көпті риза етті.

Ипотекаға берілген тұрғын үйдің сапасына халықтың көңілі толмайды. Аязды күндері тіптен берекеміз қашады, дейді тұрғындар. Баспана алдық деген қуанышымызды аңыраған терезе мен қабырғадан үрлеген жел су сепкендей басты, деп шағымданды.

Әкім бұл мәселеге жауапты сала өкілдері мен мердігерлерге тиісті тапсырмалар берді. Сапасыз үйдің төбесін жылылап, есіктерін ауыстырып беруді шегелеп айтты. Ал, қарғын суға қатысты шағымға алдын алу жұмыстары уақытымен жүргізілетінін ескертті. Шағын ауданда электр қуатына қатысты жарық тапшылығы уақыт оздырмай шешілмек. Өзекті болған тағы бір мәселе – жолдағы қардың тазалығы.

Қала басшысы техниканың жетіспеушілігіне қарамастан, тазалық жұмыстары мүмкіндігінше істеліп жатқанын, келер жылы осы шағын ауданға бөлек 1 техника қарастырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек тұрғындар бірінші көшеге мектеп пен жол салу және көше атауларын беру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мүмкіндігі де қарастырылды. Қала басшысы қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.