Облыс орталығында ауыр атлетикадан 23 жасқа дейінгі ерлер мен қыздар арасында облыстық чемпионат өтті. Додаға өңірдің түкпір-түкпірінен 50-ге жуық зілтемір көтеру шебері қатысты. Турнирдің басты мақсаты - қатысушылардың шеберлігін шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттау.

Ауыр атлетика – күш пен ептілікті ұштастыратын олимпиадалық спорт түрі. Ол штанганы жұлқа және серпе көтеру сияқты екі негізгі қозғалыстан тұрады. Бұл спорт түрі тек физикалық күшті ғана емес, сонымен қатар дұрыс тактика мен психологиялық дайындықты талап етеді.

Жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерназ Алпысов та қатысты. Оның ауыр атлетикамен айналысқанына он жыл болған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, спортшылар турнирге жақсы дайындықпен келген.

Жарыстың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрама командасы жасақталады. Олар енді VI Жастар ойындарында облыс намысын қорғайтын болады.