Өңірде энергетика саласына арналған өнім шығаратын кәсіпорын нарыққа енді. «УКА ТрубТех» ЖШС өндіріс ауқымын кеңейтіп, электр сымдарын төсеуге арналған үшқабатты құбыр шығаратын өндірісті іске қосты. Кәсіпорын 54 шақырым ұзындықтағы алғашқы тапсырысын Астана қаласына жөнелтпек.

Былтыр қазан айында жұмысын бастаған «УКА ТрубТех» ЖШС су, газ, кәріз жүйелеріне арналған құбырларды өндіреді. Кәсіпорын енді тың бағытты игеріп, энергетика саласына қажетті өнім түрін қолданысқа енгізді. Құбыр жоғары қысымға, физикалық әсерге төзімді әрі отқа жанбайтын материалдан жасалады.

Қазір зауытта 25 адам жұмыс істейді. Өндіріс ауқымы ұлғайған сайын жұмыс орындарының саны да артпақ. Әзірге мұндай құбырлар шығаратын өндіріс орны шығыста жалғыз, ал республика көлемінде батыс және орталық өңірде ғана өндіріледі.

Кәсіпорын өнімдері заманауи технологиямен дайындалады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы жыл басталғалы бірқатар өндіріс орындарын модернизациялау бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Жылына 4 мың тоннаға жуық өнім өндіретін зауыт болашақта бұл көрсеткішті 5 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Алдағы жоспарларында өндіріс көлемін арттырып, қосымша цехтар ашпақ.