Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов ТЖМ жедел тобымен бірге аймаққа іс сапармен келген болатын. Делегация ТЖД басшылығымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2 қала мен 11 ауданның су басу қаупі бар аймақтарында орналасқан елді мекендерді аралады. Азаматтық қорғау қызметтерінің су тасқыны кезеңіне дайындығы, тасқынның алдын алуға бағытталған шараларға қатысты күштер мен құралдар тобын уақтылы дайындауға ерекше көңіл бөлуге қатысты тапсырма берді.
Сала мамандарының айтуынша, апаттың алдын-алу шараларын күшейткен жөн. Инженерлік жұмыс жоспарына сәйкес облыста су тасқынына қарсы 55-тен астам іс-шара жүзеге асырылды. 64 шақырым жағалауды бекіту, 36 шақырым бөгендерді жөндеу және салу, 19 шақырым өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 58 шақырым арықтар мен каналдар салынды, 3 көпір жөнделіп, 45 су өткізгіш құбыр ауыстырылған. Бұл шаралардың барлығы су тасқынынан сенімді қорғануға бағытталған.
Өткен жылғы су тасқыны кезеңінің соңында жергілікті атқарушы органдар ТЖД-мен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен аудандардың тізбесін түзетіп, нақтылаған. Облыста су басу қаупі бар 72 елді мекен анықталды. Оның 15-інде су басу қаупі жойылды. 49-ында барынша азайтылды. Су тасқынына қарсы 107 іс-шара жүргізілді.
Қазір су айдындарында мониторинг қарқынды жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдар 156 мың текше метрден астам қар шығарған. Су тасқыны қаупі кезеңіне облыста жедел әрекет ету үшін жеке құрамның 2511 адамы, 242 мотопомпалар, құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдардың 46 жүзу құралдары, сондай-ақ 800-ден астам техника дайын. 64 мың дана қаптар, 9323 тонна инертті материалдар мен 263 тоннадан астам жанар-жағармай дайындалды.
Жұмыс сапарының соңында Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов облыстың елді мекендерін ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.