Облыс орталығына ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев келді. Президент тапсырмасы бойынша әзірленген салық кодексінің мән-жайын түсіндірді. Жаңа өзгеріс 2026 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қолданыла бастайды.

Жаңа құжат салық жүйесін жеңілдетіп қана қоймай, салық салудың жаңа қағидаттарын енгізуді мақсат етеді. Негізгі өзгерістер экономика мен бизнестегі тұрақтылықты арттыруға бағытталған. Сондай-ақ салықтық әкімшілендіруді оңтайландырып, цифрлық сервистерді кеңінен қолдану қарастырылған.

Ерлан Сағынаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Бүгінде жеке табыс салығының мөлшерлемесі - 10 пайыз. Бұл көрсеткіш азаматтардың табыстарын салық салу кезінде базалық мөлшерлеме ретінде сақталады, бірақ белгілі бір шектеулер енгізілді. 2026 жылдан бастап жеке тұлғаның бір жыл ішіндегі жиынтық табысы 8,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни шамамен 36 миллион теңгеге дейін болса, сол табысқа бұрынғыдай 10 пайыздық базалық мөлшерлеме қолданылады. Ал егер бұл шектен асып кетсе, асып кеткен сомаға 15 пайыздық жеке табыс салығы мөлшерлемесі енгізіледі.

Жаңа кодекстегі басты өзгеріс - арнайы салық режимдерінің саны жетеуден үшке қысқарады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін 4% мөлшерлеме қарастырылған. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей, заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді және артық кедергілерді болдырмайды. Бұған қоса, шаруалар мен қожалықтар үшін бұрынғы режим сақталады. Бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы енгізіледі.

Ерлан Сағынаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

Жаңа кодекстің негізгі мақсаты салықтық әкімшілендірудегі цифрлық мәселерді шешу. Жаңа өзгерістердің арқасында салықтық есеп түрлері 30 пайызға, салықтық төлем түрлері 20 пайызға қысқарды. Шетелдік және отандық инвесторлар үшінде бірқатар жеңіліктер қарастырылды. Өйткені, бұл сала экономикамыз үшін аса маңызды. Алайда кейбір салық түрлері үшін жоғары мөлшерлемелер енгізіледі - бұл мүлік салығы мен акциз салығы. Егер жеке тұлғаның салық салу мақсатындағы барлық жылжымайтын мүлкінің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатын болса, онда мұндай мүлік нысандарына жоғары мөлшерлемемен мүлік салығы салынады.

Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жаппай жеңілдетуді көздейді. Атап айтқанда, салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқарады, салық саны 20 пайызға азаяды, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Өзгерістер корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтиды. Қосылған құн салығының жаңа базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып бекітілді.

Бекарыс Секен