Самар ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Тұрғындар туған жердің тазалығын сақтап, ауылды көркейтуге белсене атсалысты. Шара мақсаты – экологиялық мәдениетті арттыру.

Аудан орталығында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы қызу жүріп жатыр. Сенбілік барысында көшелер мен қоғамдық орындар тазаланып, қоршаулар да ретке келтірілді. Жасыл аймақтарды тазартумен қатар жарық шамдары ауыстырылып, саябақтар көркейе түсті. Бұдан бөлек, жол жөндеу жұмыстары жалғасып, ұзақ жылдан бері қараусыз қалған көпқабатты тұрғын үй құрылысы да қайта жандануда.

Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:

Самар ауданында Президентіміздің «Таза Қазақстан» акциясын іске асырып жатырмыз. Орталықтарда балалар ойнайтын футбол алаңдары, үлкен кісілер қыдыратын жерлер, сонымен балалар ойнайтын алаңқайлар салып жатырмыз. Көшелердің сыртқы келбеттерін келтіріп жатырмыз. Биылғы жылы 100 процент жарықтандыруды, көшелерді жарықтандыруды аяқтаймыз.

Сенбілікке мелекеттік қызметкерлермен қатар, мектеп оқушылары мен еріктілер де атсалысты. Әркім өз үйінің, ауласының тазалығы үшін жауапкершілік танытып, табиғатқа жанашырлықпен қарауда. Мұндай игі шаралар тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоғамды ортақ іске біріктіреді.

Баршагүл Сәтпаева, әлеуметік қызметкер:

Осы ауылдың тазалығына көп көңіл бөліп келе жатырмыз. Осындай бір тазалық кездерінде біз өзіміздің ауылымызды көркейту мақсатында сенбілікке шығып тұрамыз. Біз жаңа міне бар жақты тазалап келе жатырмыз. Өзіміздің ауылымыздың көркеюіне үлес қосамыз деп ойлаймыз.

Аудан тұрғындары тазалық пен тәртіпті сақтау арқылы туған өлкенің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы Самарда алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Талант Тұрсынов