Ұлан ауданында үш күнге созылған «Шығыс Салбурыны - 2025» фестивалі өз мәресіне жетті. Фестивальдің салтанатты жабылу рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, республикалық «Құсбегілік» федерациясының вице-президенттері Бағдат Мүптекеқызы мен Жанжігіт Омархан қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
«Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі биыл бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған Қытай, Ресей, Мажарстан, Моңғолия, Қырғызстан және еліміздің әр өңірінен 100-ден астам спортшы қатысты.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ұлттық спорт түрлері бүгінгі күні олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына теңесіп жатыр. Былтыр Астана төрінде «Көшпенділер ойындарында» осы құсбегілік спортынан біздің ұлттық құрамамыз жоғары нәтиже көрсеткен болатын. Бүгінгі күні біздің басты міндетіміз ұлттық спорт түрлерін әлемдік аренада еліміздің мәдениетін көрсетсе елдің елдің ішінде мәдениет пен тәрбиелік құрал ретінде біз дамытып жатырмыз.
Бұдан бөлек, «Бүркіт төбе» алаңында 40-қа жуық киіз үй тігіліп, этноауыл келушілерді құшақ жая қарсы алды. Жиналған қауымның назарына қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылып, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қазақтың көне салт-дәстүрлері дәріптелді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біздің сан ғасырлық емес, мыңдаған жылдар бойы осы ұлы дала төрінде біздің ата-бабаларымыз ит жүгіртіп, құс ұстап өмір сүрген. Саятшылықпен біз тарихтан жақсы білеміз Аттила замандарында, Түркі қағанаты замандарында қаншама тарихи деректер бар. Осы тазылармен, төбеттерімен, қырандарымен өмір сүрген бабаларымыз туралы.
Мерекенің көркін қазақ эстрадасының жұлдыздары – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Досымжан Таңатаров пен «МузАрт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов, «Алатау серілері» тобы қыздырды.
Жарыстың қорытындысы бойынша қаршыға және бүркіт сайысында Алматы облысынан келген Өмірхан Баетбай, ал ителгі сайысында Ақмола облысынан келген Ерлан Кенжетаев жеңімпаз атанды.
Өмірхан Баетбай, құсбегі:
Биыл Бозамбай ауылында Шығыс Салбурынына үшінші рет қатысып отырмын. Биыл өзім үшін тарихи күн болды. Қаршығадан да, бүркіттен де бірінші орын алып отырмын. Ауа-райыда өте тамаша. Шығыс халқыда көп жиналды. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті.
Фестиваль соңында жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Кәусар Идаятқызы