Қазіргі таңда заманауи технологиялар отандық медицина тәжірибесінде кеңінен қолданылуда. Аймақтағы медицина саласында да оң өзгерістер мен ілкімді істер көп. Мәселен, өңірдегі онколог-дәрігерлер тері қатерлі ісігін емдеудің жаңа құрылғысын қолданысқа енгізді. Бұл тәсіл – емнің тиімділігін арттырып, науқастың ағзасына түсетін салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

Онколог-дәрігерлер енді тері обырын барынша оңтайлы әдіспен емдеуге арналған жаңа аппаратты қолданатын болады. Құрылғы тиімді рентген сәулесін пайдаланып, ісікке дәл әсер етеді және сау тіндерді зақымдамайды. Аппарат науқастың емін тіліксіз, яғни хирургиялық отасыз емдеп жазуға мүмкіндік береді. Медицинадағы мұндай заманауи технология науқастарды тез арада оңалтуға жағдай жасап отыр.

Гаухар Аңдыбаева, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының бөлім жетекшісі:

Экштраль аппараты – тері обыры және басқа да сыртқы ауруларды емдеуге арналған заманауи құрылғы. Ол зақымдалған тінге жұмсақ тиетін рентген сәулесін бағыттап, сау жасушаларға әсер етпейді. Бұған дейін біз мұндай науқастарды хирургиялық емге жіберетінбіз. Енді рентген сәулесін пайдалану арқылы әлдеқайда жеңіл ем жүргізу мүмкіндігі туды.

Сәулелік терапиядағы жаңа технологиялар онкологиялық ауруларды емдеудің тың мүмкіндіктерін ашты. Бұрын терең орналасқан ісіктерге, мысал келтіріп айтатын болсақ, «саркомаға» ем әсер ету қиын болса, бүгінде жаңа жабдықтың көмегі едеуір көмегін тигізіп жатыр.

Нұрлыбек Керемханұлы, Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының радиолог-дәрігері:

Бұл аппараттың көмегімен біз енді терең орналасқан ісіктерге ем жүргізе аламыз. Бұрынғы жағдайларда ауруға мұндай жоғарғы деңгейде әсер ету мүмкін емес еді. Енді, тіпті «саркоманың» өзін емдеуге мүмкіндік туды.

Онкологтардың материалдық базасындағы жаңа құрал – қатерлі ісікке қарсы күрестегі маңызды қадам. Отасыз,жоғары дәлдікпен ем жүргізу – жаңа технологияның басты артықшылығы. Бұл – әрбір ем алушының сапалы және қауіпсіз ем алуына жасалған жағдай.

ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ