Халық қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің сарбаздары рота тактикалық жаттығуын өткізді. Жеке құрам түнгі уақыттағы ұрыс тәсілдерін пысықтады. Бұл дайындық - жауынгерлердің қырағылығы мен үйлесімді әрекетін нығайтуға бағытталған.
Сарбаздар дабылмен ұйқыдан тұрып, бекітілген аумаққа жиналуы керек. Кейін әскери қызметшілер шоғырландыру аумағына аттанады. Мақсат-ротаның іс-қимылын пысықтау. Түнгі қорғанысты ұйымдастыру арқылы әуе мен жер бетінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Құрманғазы Мұратбеков, 27943 ә/б командирінің жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары:
Рота тактикалық жаттығуы өткізілуде. Ол жауынгерлік даярлық жоспары бойынша өткізіледі. Тақырыбы рота түнгі уақыттағы қорғаныста. 3 кезеңде өтіледі. Бірінші кезеңі дабыл бойынша жеке құрамды тұрғызу. Рота қалыптастыру аумағынан рота шоғырландыру аумағына шеру. 2 кезеңі жауынгерлік дайындығы. Ол бізде екі саладан тұрады. Бірінші саласы ұрысты ұйымдастыру, екінші саласы практикалық дайындық. Үшінші кезеңі ол ротаның ұрыс кезеңін өткізу. Бұл жаттығудың мақсаты ротаның іс-қимылдарын пысықтау және бір қалыпқа келтіру.
Оқу-жаттығу жиыны барынша шынайы ұрыс жағдайларына келтірілген. Сарбаздар қырағылық танытып, аумақты қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Алайда оларға күтпеген жерден шабуыл жасалуы мүмкін. Мәселен, оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, қорғаныс шебіне шабуыл жасалады.Қорғаныстағы құрам жедел әрекетке көшіп, қарсы шабуылға төтеп береді.
Алексей Глаголев, 27943 әскери бөлімінің бөлімше командирі:
Бұл рота тактикалық оқу-жаттығу жиынының бір бөлігі. Біздің мақсат әуедегі қорғанысты қамтамасыз ету. Зениттік қондырғы туралы айтатын болсам, бұл ЗУ-23-2 деп аталатын қару түрі. Үш түрлі оқ-дәрі салуға болады. Салмағы 950 келі. Ату ұзақтығы үшке бөлінеді.
Үшінші кезең – «рота түнгі қорғаныста» деп аталады. Сарбаздар мен ұрыс техникасы ұрысқа сақадай сай. Жеке құрамның назары – рота командирінің бұйрығында. Себебі, кез-келген сәтте пәрмен берілуі мүмкін.
Бекасыл Сәкен, 27943 ә/б 3-мотоатқыштар ротасы 2-мотоатқыштар взводы 3-мотоатқыштар бөлімшесінің командирі:
Біз осы полигонда жатқалы екі күн болды. Екі күн үш кезеңге бөлінген. Екі кезеңін өткізіп ең маңызды үшінші кезеңге келдік. Үшінші кезең ол рота түңгі қорғаныста. Және де біз ротамен рота командирінің бұйрығын күтудеміз. Бұйрық берген жағдайда әр сарбаз өзінің ұрыс алаңына аттанады. Бұл түнгі жаттығудың мақсаты шабуылдағы жаудың тірі күшін жою. Әр сарбаз өзінің қорғанысына бейімделіп, келіп әр белгіленген жерден жаудың тірі күшін жою. Дайындық өте жақсы. Алдыңғы екі кезең осы үшінші кезеңге дайындады десек те болады бізді.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, ұрыс техникасы бекітілген кезек бойынша оқ жаудырады.Бірінші кезекте ЗУ-23-2 қаруы әуедегі шабуылға тойтарыс береді. Артынша жаяу ұрыс машиналары мен т-72 танктері ұрыс алаңына аттанады. Соңында сарбаздар соққы береді. Рота тактикалық оқу-жаттығуы екі күнге жоспарланған.
Нұртас Қайролдаев