«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы ел көлемінде жандана түсті. Барлық өңірде тұрғындар, түрлі ұйым өкілдері мен белсенділер сенбілікке шығып, өз аумақтарын ретке келтірді. Кей жерлерде өзен мен көл маңайы қоқыстан тазартылса, басқа аймақтарда көшет отырғызылып, жасыл желек жаңарды. Аулалар сыпырылып, арық-атыздар тазартылып, жол жиегі мен саябақтар абаттандырылды. Игі шарадан шығыс жұрты да шет қалмады.

Шараға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көшет отырғызу - жасыл желек санын арттыру мен қоршаған ортаға жанашырлық танытудың жарқын үлгісі.

Бақытжан Ерболқызы, Өскемен қ. Жастар ресурстық орталығының директоры:

Негізі ағаш отырғызу акциялары бізде көктем уақытында және күзі уақыттарда жүргізіледі. Күзгі уақытта егілген ағаштың өнімі жақсы болады деп айтып жатыр. Сондықтан да біз жастарды жинап келіп отырмыз. Біздің мақсатмыз тек бір ағашты отырғызып кету ғана емес. Жастарға қаламызды одан әрі көгалдандыруға жасыл болуына әдемі болуына өз үлесімізді қосқымыз келеді.

Жергілікті тұрғындар мен түрлі сала өкілдері тазалық жұмыстарында белсенділік танытып, жасыл желекті көбейтуге және халық арасында экологиялық мәдениетті арттыруға өз үлестерін қосты.

Григорий Смородинов, қала тұрғыны:

Таза Қазақстан акциясының ауқымы кең. Игі шара қоқыс жинаумен, көшет отырғызумен шектелмейді. Эко науқан жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға шақырады. Алдағы уақытта отырғызған ағаштарымызды суарып, күтіп баптап отырамыз.

Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Биыл шығыста 115 мың түп көшет отырғызу жоспарланса, бүгінге дейін соның 76 мыңы егілді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Таза Қазақстан акциясының негізгі міндеті біз текқана тазалап, көшеттерді отырғызып қана қоймауымыз керек. Біз өзіміз тазалануымыз керек. Осы акция арқылы жақсы адам болуға, еңбек адамы болуға, нағыз Қазақстандық болуға тырысуымыз керек. Сонда ғана бұл акция өзінің міндетін орындайды. Барлығымыз осы акцияға қатысып, өскелең ұрпақ алдында, еңбектің мәртебесін көтеруге, тазалықтың жақсылығын жеткізуге тырысайық.

Игі іске қазақ эстрадасының жұлдыздары «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Досымжан Таңатаров пен «МузАрт» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов қатысты.

Кенжебек Жанәбілов, «МузАрт» тобының әншісі:

Біз кез-келген уақытта өз елімізді жерімізді қорғауға дайынбыз. Қолдаймыз. Үйткені тазалық денсаулық кепілі деп жатадығой. Таза Қазақстан деп де бекер қойылмаған. Елдің таза жүруі мәдениеттің бір белгісіғой. Сондықтан бұны қолдау керек деп ойлаймын.

Бұл акция – тазалыққа үндеу ғана емес, қоғамның саналы көзқарасы мен жауапкершілік деңгейін айқындайтын ізгі қадам.

Нұртас Қайролдаев