Соғыс ардагері Александра Саратовцева биыл 100 жасқа толды. Ғасыр жасаған анаға ҚР Қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табысталды.
Александра Тихоновна 1925 жылы 12 қазанда Ресейдің Пенза облысы, Иссин ауданы, Николаевка ауылында дүниеге келген. Ол соғыс оты тұтанғанда небәрі 16 жаста еді. 19 жасында майдан даласына аттанып, құрылыс взводының құрамында көпір тұрғызу жұмыстарына қатысады. Атыс шебіне таяу жерде ер-азаматтармен қатар еңбек етіп, ауыр жұмыстан тайсалмады. Отан үшін аянбай тер төкті. Жеңіс күнін Александра Польшаның Новый-Сонч қаласында қарсы алды. Соғыстан кейін туған ауылына оралып, екі қыз тәрбиелеп өсірді.
Варвара Пансевич, А. Саратовцеваның қызы:
Соғыстан кейін де анам еңбек майданынан қол үзген жоқ. Алдымен Астраханьға қоныс аударып, егіс алқаптарында маңдай терін төкті. Кейін Ақтөбеге көшіп келіп, өмірін бала тәрбиесіне арнады. Көп жылдар бойы балабақшада тәрбиеші, күтуші болып еңбек етіп, зейнет жасына дейін адал қызмет етті.Осы еңбегін елеп-ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан барша жанға айтар алғысым шексіз. Құдайға шүкір, анамның денсаулығы жақсы.
1953 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударып, бейбіт еңбекте де белсенділік танытты. Кейін қызының қолына Өскемен қаласына көшіп келді. Ғасыр жасаған ардагерді ШҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменті арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
Сырым Ақтаев, Өскемен қ. Қорғаныс істер жөніндегі басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыстар тобының бастығы:
Біз қорғаныс істері жөніндегі департаменті атынан апамыздың 100 жас мерейтойын құттықтадық. Бұл үлкен өмір белесі. Біз барлық мерекедк құттықтап отырамыз. Біз үшін үлкен мәртебе болып саналады.
Бір ғасырлық ғұмырын ел игілігіне арнаған Александра Тихоновна ерліктің нағыз үлгісі. Мұндай аналарымыздың өмір жолы - бүгінгі ұрпақ үшін өлшеусіз өнеге.
Бекарыс Секен