Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Риддер қаласының мәдени күндері өтті. Кеншілер қаласының рухани, әдеби және шығармашылық жетістіктерін қалың көпшілікті таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге қатысушылар Риддердің тарихымен, мәдени мұрасымен танысты.
«Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында ұйымдастырылған көрме — Риддер қаласының рухани өмірінен сыр шертетін ерекше алаңға айналды. Мұнда қаланың өткені мен бүгіні тоғысып, тарих пен өнер бір арнада үндесті. Шараның мақсаты — кеншілер шаһарының мәдени байлығын, өнерпаздарының еңбегін және табиғи сұлулығын көпшілікке таныту. Келушілер ең алдымен «Абай және оның замандастары» атты экспозицияны тамашалады. Бұл бөлімде Риддер тарихи-өлкетану музейі қорының жауһарлары – Абай мен оның айналасындағы тұлғалардың портреттер галереясы ұсынылды.
Айна Қасенова, «Абай және оның замандастары» экспозициясының жетекшісі:
Бүгін біз сіздерге Өскемен қаласына Риддер қаласының күндері болғандықтан көрмемен келдік. Осы көрмемен Риддер қаласының предпринимательдері бар, достық үйі бар, кітапхана бар тағы да көптеген мектептер бәріміз жұмыла өзіміздің жетістіктерімізді көрсетейік деп келдік. Абайдың биылғы 180 жылдығына «Абай және оның замандастары» деген кітап көрмесі, сурет көрмесін әкелдік.
Көрме аясында Риддердің мәдениетін айшықтайтын орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қорынан алынған басылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда Абайдың шығармаларымен қатар, оның мұрасын зерттеген ғалымдар мен жазушылардың еңбектері де қойылған. Бұдан бөлек, әр салада жетістікке жеткен кеншілер қаласындағы мекемелер де игі шарадан табылды.
Жұлдыз Нагайболова, Риддер қ. Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:
Біздің мектепте спорттың 21 түрі бар. Қысқы олимпиядалық, ұлттық спорт, олимпиадалық емес спорт түрлері бар. Мына жетістіктер біздің мектептің жетістіктері болып саналады.
"Туған жер – алтын бесігім" жобасы өңірдің шығармашылық әлеуетін арттырып, ел ішіндегі бірлікті нығайтуды көздейді.
Талант Тұрсынов