Зайсанда салынып жатқан жаңа әуежай алғашқы сынақ рейстеріне дайындық жүргізуде. Екі мың метрден асатын ұшу-қону жолағы алғашқы әуе кемесін қабылдауға әзір. Құрылыс алаңында нысанның негізгі бөлігі бой көтеріп келеді. Түсірілім тобы ауқымды құрылыстың қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.
Мұнда құрылыс тоқтаусыз жүріп жатыр. Ұшу-қону жолағы толықтай дайын. Жиырма бесінші қазанға дейін алғашқы сынақ рейсі өтеді деп жоспарланған. Диспетчерлік мұнара бой көтеріп келеді. Жұмысшылар екі ауысымда еңбек етіп, жұмысты мерзімінен бұрын аяқтауға күш салуда. Әдетте әуежай құрылысына шамамен жиырма бес ай уақыт кетеді. Бірақ, мұндағы әуежай құрылысын небәрі 17 айда аяқтау көзделіп отыр.
Сәбит Сахариянов, құрылыс учаскесінің бастығы:
Қазір ұшу-қону жолағы орта көлемді ұшақтарға арналған. Болашақта үлкен әуе кемелерін де қабылдайтындай етіп кеңейтуге жағдай жасауға болады.
Жаңа әуе айлағы Зайсаннан 25 шақырым жерде, Сәтпай ауылы маңындағы бұрынғы әскери аэродром орнына салынып жатыр. Бірақ, құрылысшылардың айтуынша, ескі нысанның қаңқасы да қалмаған. Яғни, салынып жатқан әуежай жаңадан бой көтеруде. Бұдан бөлек, аймақтағы бірқатар әуежай әлдеқашан жабылғанда, Зайсандағы ескі әуежай ғана жұмысын тоқтатпаған. Мұндағы жұмыстардың барлығы қолмен атқарылады. Багаж лентасы жоқ, дәретхана далада орналасқан. Тіпті, медициналық пункт те қарастырылмаған.
Ризагүл Ибраева, тексеру инспекторы:
Мемлекет басшымыз осындай Зайсан ауданына жаңа әуежай салу туралы тапсырыс бергенде ол хабарды қуанышпен қарсы алдық. Пассажирлерге қызмет көрсету деңгейі де жақсы болады ол жерде. Жақсы технологиялар болады ол жерде. Әуе қатынасы да жоғарғы деңгейде болады деп ойлаймын.
Шекараға жақын орналасқан Зайсаннан облыс орталығына жету бұрын қиын болатын. Жергілікті тұрғындар жаңа әуежайдың ашылуын тағатсыздана күтуде.
Галина Нұрғалиева, Зайсан ауданының тұрғыны:
Балаларым Алматыда оқиды. Өзім автобуспен тәулік бойы жүремін. Аяғым ісіп кетеді. Жасым үлкен, зейнеткермін. Ұшақ билеттері халыққа қолжетімді болса екен деймін.
Салауат Алпысбаев, Зайсан ауданының тұрғыны:
Құрылысты тездету әрине жақсы, бірақ сапаны жоғалтпай, бәрін сенімді әрі ұзақ мерзімге жасаса дейміз. Өйткені бұл — стратегиялық маңызды нысан.
Қазір Зайсаннан ұшақтар аптасына үш рет қана қатынайды. Бір бағыттағы билет шамамен 17 мың теңге тұрады. Жаңа әуежай ашылған соң, бұл аймаққа келетін туристер саны бес есе артады деген болжам бар. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың табысын арттыратыны анық.
Фатима Тілейханқызы