С.Аманжолов атындағы ШҚУ-де «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл басқосу түркі халықтарының тарихи тамырын, ежелгі өркениеттермен байланысын және Алтай өңірінің мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуге арналған. Жиынға шетелдік ғалымдар, тарихшылар, археологтар, этнографтар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі халықтарының қасиетті бесігі саналатын Алтай өңірін жан-жақты зерттеу керектігін тапсырған болатын. Жиынға қатысқан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ғылыми конференцияның маңызына тоқталды. Бұл бастама көне Алтайдан тараған түркі халықтарының ортақ мәдени тамырын терең түсінуге, сондай-ақ қазіргі түркі елдері арасындағы рухани және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға жол ашады, деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Шығыс Қазақстан облысы – кең байтақ еліміздің інжу-маржаны, көне тарих куәгері, Түркі мәдениетінің алтын қазығы. Құнды көне жәдігерлердің Алтай аймағында табылуы тарихи жады мен көне дүниетаным, өркениет іздерін, тарихтың ктерең сырларын Түркі мәдениетінің асыл мұраларын таразылауға, кейінгі ұрпаққа жинақтауға жетелер темірқазық. Туған топырағымыздың алтын тамырлы рухани орталығы.
Аймақтағы археологиялық ескерткіштерді ашық аспан астындағы музейлерге айналдыру мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл бастама археологиялық қазба жұмыстары аяқталған жерлерде мұражай инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Мұндай тәсіл ежелгі мұраларды сақтап қана қоймай, оларды мәдени және туристік бағыттағы жаңа нысандарға айналдыруға мүмкіндік береді.
Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы:
Ең бастысы — зерттелген тарихи-мәдени ескерткіштерді сақтау. Археологтар қазба жұмыстарын аяқтағаннан кейін ол жерлер қираған күйінде қалмай, абаттандырылып, қайта қалпына келтіріліп, халықтың мәдени қажеттіліктеріне қызмет етуі тиіс.Ең алдымен Ақбауыр кешеніне назар аудару қажет. Ол жерде бірнеше нысан бар, соның ішінде ең негізгісі – суреттері бар қасиетті үңгір. Бұл ескерткішті алдымен консервациялап, содан кейін музейлендіру мәселесін шешуіміз керек.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға келушілер «Ұлы Даланың алтыны» атты бірегей көрмені тамашалады. Экспозицияда аймақтан табылған сирек археологиялық жәдігерлер ұсынылды.
Шұғыла Меделбек, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
Конференциямызға «Ұлы дала алтыны» көрмемізді алып келдік. Ең ерекше экспонаттың бірі биыл ғана қосылған қағанның көмекшілері көрсетілген композиция. Қазақстанда ғана емес жалпы әлем бойынша ешқандай түркілер туралы ақпарат беретін бейнелік материал болмаған. 2022 жылы қазба жұмыстарының нәтижесінде табылып отыр.
Конференцияға жиылғандар Алтай өңірінің түркі өркениетінің қалыптасуындағы рөлін, мәдени және рухани сабақтастық мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, соңғы археологиялық зерттеулер мен өңірдегі тарихи ескерткіштер туралы жаңа ғылыми деректер ұсынды.
Қымбат Иманғали, Ирина Санникова