Өңірде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Риддер қаласының мәдени күндері өтті. Облыстық филармонияда кеншілер қаласының өнерпаздары ән мен күйден, би мен поэзиядан тұтас бір рухани мереке сыйлады.

Филармония сахнасы бұл күні шынайы өнердің ордасына айналды. Кештің әр сәтінде рух, қуаныш және шабыт лебі сезілді. Концерттік бағдарлама Риддердің шығармашылық тынысын, елге деген сүйіспеншілігін, өнерге деген құрметін айшықтаған ерекше сәт. Сахна төрінде кеншілер қаласының өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Дәстүр мен заманауи сарынның үндестігі шара шырайын арттырып, ұлттың болмысы мен өнердің құдіретін көрсетті.

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:

Бүгін міне бізде Риддер қаласының концерті өтіп жатыр Өскемен қаласында. Біз бұл концертпен шығысқазақстандықтарды Риддердің қай жері жақсы, қай жері дамып жатқан екендігін көрсетсек деген бір ойымыз бар.

Сахнада Абай Құнанбайұлы мен Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары орындалып, халықтың рухани қазынасына айналған туындылар жаңа үнмен қайта жаңғырды. Кештің ажарын ашқан ұжымдардың бірі – 38 жылдық тарихы бар «Память» халық хоры. Бұл хор – риддерліктердің мақтанышы. Музыкалық және поэзиялық нөмірлер көрерменнің көңілін көтеріп қана қоймай, ой салды, шабыт берді.

Әлима Есенова, Риддер қаласының тұрғыны:

Өзіміздің қаламызда осыншама тамаша істер жүріп жатқанына қуаныштымыз. Балалардың жасап жатқан жұмыстарын көріп, көңіліміз толып тұр. Жүрекке қонымды, көңілге қонымды соншама тамаша істер.

Риддер қаласының мәдени күндері аясында өткен бұл шара туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін сыйлады.

Талант Тұрсынов