Облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға бағытталған республикалық «Береке Fest» акциясы өтуде. Шара Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, қазан айының соңына дейін жалғасады.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Асхат Сағидолдиннің айтуынша, мамандар бағаның негізсіз өспеуін тұрақты түрде бақылауда ұстап отыр. Бұл жұмыс «Береке Fest» акциясы кезінде де ерекше назарда. Республика күніне орай ұйымдастырылған шараға Өскемен қаласының ірі сауда желілері мен кәсіпкерлері белсенді қатысып, өз өнімдеріне жеңілдіктер ұсынуда. Бұл бастама тұрғындарға қолжетімді баға мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.

Асхат Сағидолдин, ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

Қазір бүкіл ел аумағында Береке Фест республикалық акциясы өтуде. Бұның мақсаты бірінші қажеттілікті тауарларға деген бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Отандық өндірушілерді қолдау, бардық тұрғындарға жеткілікту ету. Сол мақсатта қазір Өскемен қаласы бойынша бұл акция жалғасын тапты.

Акция аясында күнделікті тұтынатын 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы төмендетілді. Департамент мамандары да сауда орындарын күн сайын тексеріп, өнімнің негізсіз қымбаттауына жол бермеуде. Өскемендегі ірі дүкендер мен супермаркеттер, соның ішінде «Алтай маркет» сауда орталығы да бастамаға белсенді қатысуда.

Арай Қалиева, «Алтай маркет» сауда орталығының әкімшісі:

Біздің осы «Алтай маркет» көптеген халықтың қажеттілігіне керек тағамдарға оның ішінде сүт өнімдері, ұн, қант, күріш, шәй халықтың күнделікті тұрмыстық заттарына бағалар арзандатылып жатыр.

«Береке Fest» акциясы елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Әлеуметтік маңызы бар бұл бастама - халықтың тұрмысын жеңілдетіп, бағаның тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, егер акция тұрғындар тарапынан оң бағасын алса, мұндай игі шара алдағы уақытта дәстүрлі түрде жалғасын табады.

Бекарыс Секен, Алексей Сафонов