Облыс орталығында «Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында Риддер қаласының ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде ет, сүт, құрт, қаймақ, бал, көкөністер сынды азық-түлік өнімдері тиімді бағада ұсынылды. Мұндай шаралар тұрғындарды таза өніммен қамтып қана қоймай, туған жердің берекесін, ауыл еңбегінің мерейін асқақтата түседі.

Жәрмеңкеге асыққан жұртшылықтың  қарасы қалың. Барлығы сапалы өнімге қол жеткізуге асық. Риддер қаласынан әкелінген экологиялық таза өнімдер кімді де болсын қызықтырмай қоймады. Бұл жолы сөреге қойылған тауар түрі де көп. Еттің бірнеше түрі, көкөніс, сүт өнімдері мен бал да бар. Барлығы Өскемен жұртшылығына арнайы жеткізілген.

Ерболат Ошақбаев, Риддер қ. әкімінің орынбасары:

Таңғы сағат алтыдан бастап Риддер қаласының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Біздің барлық шаруа қожалықтары келіп жатыр. Спорттық ойындар өткізіледі қазір. Сағат сегізден бастап арнайы бағдарламамызды дайындап отырмыз. Осы Өскемен қаласының жұртшылығына спорттық жарыстарда бізде аударыспақ, гір көтеру. Соның ішінде ерекше айтып кететін бізде қыздардың сайысы болады. Оған осы Риддер қаласының демеушілері арнайы өз жүлделерін қойып отыр.

Риддерден келген шаруалар биылғы жәрмеңкеге қызу дайындықпен келген. Жалпы алғанда 16 тоннаға жуық ет өнімдері, сондай-ақ картоп, бал мен сүт тағамдары жеткізілді. Мұның барлығы тұрғындардың сұранысына сай қолжетімді бағамен саудаланды.

Бауыржан Тыныбаев, Риддер қ. Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Жәрмеңкеге Риддер қаласынан 17 шаруа қожалығы қатысты. Еттің барлық түрі бар. Шамамен 6 тонна сиыр еті, 6 тонна жылқы еті және 4 тонна қой еті жеткізілді. Сонымен қатар картоп пен бал өнімдері де ұсынылды.

Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлер игі бастаманың тиімділігін жоғары бағалап отыр. Себебі, тұрғындар табиғи таза өнімді делдалсыз, тікелей өндірушілерден тиімді бағада сатып ала алады.

Индира Базарбекқызы, жеке кәсіпкер:

Біз міне Риддерден өзіміздің жеке шаруа қожалығынан жылқы етін, сиыр етін қол жетімді бағамен алып кеп тұрмыз. Барлығы адал, халал сойылған. Сандар бар, қазы, жая, сиыр жылқы еті бар. Қой да бар 10 туша қой алып келдік.

Өскемендіктер жәрмеңкеде ұсынылған өнімді қолжетімді бағада сатып алдық деп отыр. Сенбі сайын өтетін бұл науқанға көзі үйренген халықтың қарасы қалың.

Жәрмеңкенің думанын қыздырған сәт – ұлттық рухты дәріптеген спорттық сайыстар. Келушілер арқан тартысып, қол күресте күш сынасты. Ерекше қызығушылық тудырғаны — қыздар арасында өткен гір көтеру жарысы. Арулардың жігері жұртты тәнті етті.

Жадыра Қанапиянова, гір спортынан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

Риддер қаласының жәрмеңкесіне келіп отырмыз. Бұнда арқан тарту, гір көтеру, қол күрестен жарыстар өткізіліп жатыр. Өзіміз жаңа ғана гір көтеруден сайысқа қатыстық.

Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары мен қонақтарына Риддер өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Нұртас Қайролдаев