«Жастар Рухы» ЖҚ облыстық филиалының жаңа бөлімшесі ашылды. Белсенді жастардың санын көбейтуге бағытталған жоба С.Аманжолов атындағы ШҚТУ қабырғасынан басталды. Жаңа бөлімшенің жетекшісі тағайындалып, жұмыс тәртібі таныстырылды.

Биыл «Жастар Рухы» ЖҚ ШҚОФ бөлімшелері санын көбейту жоспарланған. Үші мен тоғызыншы ақпан аралығында облыс орталығындағы барлық жоғарғы оқу орындар мен колледждерде жаңа бөлімшелер ашу көзделген. Басты мақсат - белсенді жастарды қолдау. Сол арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамайтын жас буынды тәрбиелеу, дейді ұйымдастырушылар.

Жас келсе іске, С. Аманжолов университетінде ашылған бөлімше жетекшісі болып осы университеттің екінші курс студенті Диляра Ринатова тағайындалды. Ол білім ордасының қабырғасында ашылған бөлімше жұмысын дамытуға, аянбай еңбек етуге дайын екенін айтады.

Жаңа бөлімшенің ашылғанына студенттер дән риза. Жас буын өзара пікір алмасып, қоғамдағы маңызды шараларға белсенді қатысуға дайын.

Алдағы уақытта өңірдегі басқа да колледждер мен білім ордаларында осындай бөлімшелер ашу жоспарланған. Жыл соңына дейін олардың саны отызға жетпек. Бұл өз кезегінде белсенді жастардың санын көбейтуге, саяси ойы түзу азаматтардың санын арттыруға септігін тигізеді.